Ол заң жобасын әзірлеу кезінде қандай нормалар қарастырылғанын айтты
«AMANAT» фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«VII шақырылымның екіншісі сессиясының бірінші отырысында «AMANAT» фракциясы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен бірлесіп заң жобасын әзірледі. Онда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы жазылған. Біз заң жобасында педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айырып, медициналық кастрация жасауды ұсындық. Сондай-ақ абьюзерлер тарапынан жасалатын денсаулыққа жеңіл зиян етуді криминалдандыруды ұсындық. Бұл - «AMANAT» фракциясының ұстанымы. Бұл заң жобасын менің әріптестерім әзірледі. Мен бастамашы ретінде қол қойдым», - деді ол.
Елнұр Бейсенбаев экс-министр Қуандық Бишімбаевтың оқиғасынан кейін депутат Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауал жолдағанын айтты.
«Әйелдерді қорғайтын партиялардың бірі – біз. Біздің партияда әйелдер қанаты бар», - деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін депутат Жарқынбек Амантайұлы отбасында жанжал шығарған ерлер мен қатар әйелдерді де жазалау туралы ұсыныс айтқан болатын.
Елнұр Бейсенбаев бұл мәселеге қатысты да пікір білдірді.
«Бұл заң жобасын талқылау кезінде айтылған пікір. Біз әзірлеген заң жобасын ол да қолдады. Конституцияда арнайы бап бар. Депутаттың мандатын алу бойынша норма талаптары бар. Бұл жай ғана талқылау барысында болған. Депутат заң жобасын қолдайды», - деді Бейсенбаев.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ