Тұрғын үй кезегіне тұратындарға қойылатын талап өзгереді

Автор: Аманалина Тоғжан

Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылмақ

Фото: freepik.com

Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй заңнамасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Отбасы банкі базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады, оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар тұра алатын болады. Әрбір өтінім үшін кірістерді, мүлік пен активтерді анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді», - деді Шарлапаев.

Министр атағандай, тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база.

«Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл қағидат тұрғын үйге мұқ-тажын растау үшін, кезекке тұру үшін, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінудің қажеттілігін жояды. Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылатын болады», - деді Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, тұрғын үйді, есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматтарды әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді.

«Табыс деңгейіне байланысты азаматтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыздар (жылдық мөлшерлеменің 2-5% мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ