Індет туралы жалған ақпарат тарататындарды арнайы топ тергейді – Абаев

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде 41 іс қозғалып, тергеу жүргізілуде

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирусқа қатысты жалған мәлімет таратушылардың ешқайсысы жазасыз қалмайтынын тағы да ескертті.

«Қазір барлық Полиция департаменттерінде осындай жалған ақпараттарды және оны жариялаған адамдарды анықтайтын арнайы жұмыс топтары бар. Бүгінде осындай дерек бойынша 41 іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Барлық кінәлілер жазаланады», - деп айтты ол кезекті онлайн-брифингте. 

Мессенджерлерде Қазақстанға қатысы жоқ видеоларды «бізде болған» деп таратуға да болмайды.

«Азаматтар өздері де байқамай, ескі видеоларды, басқа елдерде болған оқиғаларды бізде болған екен деп ойлап, таратуда. Әртүрлі жалған аудиожазбалар тарап жатыр. Оған кейбір адамдар сенуде. Мұның барлығы қоғамда үрей туғызады. Сондықтан тек ресми ақпарат көздерін ғана қарап, сол жердегі мәліметке ғана сеніңіздер», - деп түсіндірді Абаев.