$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2023, 15:57
Қоғам

БҚО-да дарынды батагөйлер бақ сынады

Байқауда 12 ауданнан бір ақсақалдан қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады

БҚО-да дарынды батагөйлер бақ сынады

Батыс Қаазақстан облысында «Бата дарып, бақ қонсын!» атты облыстық батагөйлер байқауы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақсақалдардың қоғамдағы рөлі туралы: «Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген болатын. Сайыс Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында БҚО қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

Шараға БҚО қоғамдық даму басқармасының өкілдері, қоғамдық бірлестік өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған Батыс Қазақстан ардагерлері арасындағы І облыстық  байқау бата беру дәстүрін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, халық шығармашылығын насихаттауды көздеді. Тағылымды шара БҚО ардагерлер кеңесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы, «Интеграл» жастар жастар қоғамдық бірлестігі БҚО қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылды.

«Халқымызда «Батамен ел көгереді» деген қасиетті сөз бар. Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп, серпілтетін, марқайтып, қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер – тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті –замандар, ғасырлар бойы іріктеліп жиналып, ақыл елегінен өткеріліп тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы іспеттес. Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғау үшін талантты, ержүрек болып ержетуіне талпынтады. Қазақ халқы үшін бата өте қасиетті, өте киелі ұғым. Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет береді, дағдарысқа түскенге бағдаршам сияқты жол көрсетеді. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер»-дейді халық. «Бата»-жақсылық пен игі ықыластың, яғни ақ тілектің айғағы», – деген  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген ақ батада адамның жанын сауықтыратын, жүйкесін жайландыратын тылсым құдірет барын жеткізді.     

Байқауда 12 ауданнан бір қатысушыдан қатысып, үш кезең бойынша үздік нәтижелер көрсетті. Қазақ халқының ұлттық құндылығын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, халық шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен сайыста Тасқала ауданынан келген Жұмагелді Үмбеталиев таңдайға татитын уыз батасымен топ жарып, бас жүлдені иеленіп, 150 мың теңгелік сертификатты жеңіп алды. Екінші орын ақжайықтық Сағындық Бисенғалиевке, үшінші орын бөкейордалық Тілеген Арыстанбековке бұйырды.

БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жұртшылыққа қазақ халқының батаға айрықша мән бергенін атап өтіп, ақ батасын арнаған қарияларға алғысын білдірді. Жарысқа қатысқан ақсақалдар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта жалғасын тапса деген ұсыныстарын білдірді.

Халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Қазіргі таңда Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да жанданып келеді. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Сайыс соңында бата жарысының жеңімпазы көрермендерге бата беріп, елімізге тыныштық, халқымызға жақсылық тіледі.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары