Димаш Құдайберген Костенко шахтасында қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына 20 млн теңге аударды

Автор: Azattyq Rýhy


Мәліметті әншінің әкесі растаған

фотф: ашық дереккөзден

Әнші Димаш Құдайберген Костенко шахтасында қайтыс болған жұмысшылардың арасында кәмелетке толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 миллион теңге аударды. Бұл туралы Бауыржан Бабажанұлы өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза тапқан 46 азаматтың қайғысы әлі ұмытылған жоқ. Мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де олардың отбасына қолұшын созып жатыр. Әйгілі әнші Димаш Құдайберген де бұл сауапты істен сырт қалған жоқ. Ол сол апатта әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға кеше 1 миллион теңгеден аударды», - деп жазылған жазбада.

Автордың айтуынша, ол бұл жаңалықты кездейсоқ естіп қалып, әншінің әкесі Қанат Айтбаевқа хабарласқан және ақпарат расталған.

«Жалпы Айтбаевтар отбасы бергенін жариялай бермейді. Димаш атқа мінгелі ғана емес, бұрыннан солай. Бірақ мына хабарды ел білуі керек қой. Димаштың бұл ісін басқа да өнер иелері жалғастырып әкетсе, кәнеки! Осы мақсатпен жариялап отырмын», - деп жазды автор.