Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғындарына ақшалай сыйлықтар беріледі

Автор: Мира Байбек

Бұл туралы «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова хабарлады

Фото: omsk.bezformata.com

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрығыны атанған бес сәбидің ата-аналарына екі миллион теңгенің сертификаттары табысталады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткенде брифинг барысында «Отбасы банкінің» басшысы Ләззат Ибрагимова бір минутта қатар дүниеге келген үш ұл мен екі қызға ақшалай сыйлық берілетінін мәлімдеді.

«Отбасы банкі бүгін дүниеге келген және еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған балалардың болашағына өз үлесін қосқысы келеді. Біз оларға әрқайсының номиналды құны 2 000 000 теңгелік сыйлық сертификаттарын береміз», - деді ол.

Оның айтуынша, сертификаттар бүгіннен бастап жарамды. Ол үшін жаңа туған нәрестелердің ата-аналары банк бөлімшесіне сыйлық куәлігінің түпнұсқасын, жеке куәлігін және баланың туу туралы куәлігін алып келуі керек.

«Сертификаттар үш ай бойы жарамды болады. Бұл қаражат жеке баспана алудың алғашқы қадамы бола алады», - деді Л. Ибрагимова.

Еске салсақ, бүгін таңертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткенін мәлімдеп, ел халқын құттықтады. Ал Ұлттық статистика бюросы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанғанын, 3 ұл және 2 қыз баланың Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келгенін жеткізді.