$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда 1100-ден астам адам діни экстремистік ағымдардың ықпалына түскен - Дін істері жөніндегі басқарма

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымовпен сұхбат

Алматыда 1100-ден астам адам діни экстремистік ағымдардың ықпалына түскен - Дін істері жөніндегі басқарма
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Алматыда жат ағымның жетегінде кеткен жастарды дәстүрлі дінге, қалыпты өмірге қайтару бағытында жұмыстар тұрақты жүргізіліп жатыр. Діни экстремистік ағымдардың ықпалына түскен адамдардың ой-санасын өзгерту үшін және жастардың теріс пиғылды ағымдардың ықпалына кетіп қалмасы үшін Алматы қаласының Дін істері жөнідегі басқарма муфтиятпен бірігіп әртүрлі шараларды өткізіп келеді. Дін исламның қағидаларын өздерінің мақсат-мүддесіне пайдаланатын ағымдар қазақ қоғамына орасан зор зиянын тигізіп келеді. Жаратушының тірі жанға берген бұйрығы деп билік айтатын уағызшылардың кесірінен Сирия сынды елдердегі соғыс аймағына жасырын аттанып, опат болған отандастарымыз да аз емес.

Діни ахуалды тұрақтандырып, жастардың жат ағымға ілесіп кетпеуі жолында Алматыда қандай шаралар жүргізіліп жатыр? Қоғамдағы діни ахуалды қалай деп бағалауға болады? Дінді бетке ұстаған сақалдыларға алданып, зардап шеккен әйелдер қайда хабарласып, көмек ала алады? Мамандар биыл қанша адамға қол ұшын созды? Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымовпен қаладағы діни ахуал жайында сұхбаттасты.

- Нұрлан Медсантұлы, діни сенім деген өте нәзік әрі күрделі нәрсе. Шариғат бойынша, діни қағидамен өмір сүреміз деп өкініп жатқан жандар да елімізде аз емес. Сіздер қаладағы діни ахуалға жауапты басты мекеменің бірісіздер. Биыл жат діни ағымдардың жетегінде кеткен адамдармен қандай жұмыстары жүргіздіңіздер? 

- Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асырушы жергілікті атқарушы орган болып табылады. Басқарманың мақсаты халық арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, зайырлылық қағидаттарын насихаттау және конфессияаралық келісімді нығайту болып табылады.

Сонымен қатар, діни экстремистік ағымдардан зардап шеккен азаматтарға теологиялық оңалту бағытында көмек көрсету Басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Атап айтқанда, 2017 жылдан бері Басқарма жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» өз қызметін жүргізіп келеді. Аталған орталық теолог және психолог мамандардың қатысуымен экстремистік сипаттағы діни ағымдардың радикалды, сондай-ақ жалған идеологияларының ықпалына ұшыраған адамдар үшін кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсетумен айналысады.

Аталған бағыттағы жұмыс ағымдағы жылы да жүйелі және жоспарлы негізде жалғасуда. Сонымен қатар, орталықта ерлер мен әйелдерге арналған сенім телефоны бар екендігін атап өткен жөн (ерлерге арналған сенім телефоны: +77011207570, әйелдерге арналған сенім телефоны: +77011200503).

- Алматы қаласында Діни істері басқармасының мамандары адасып, жат ағымның жетегінде жүрген жандарды қайтаруда қандай нақты нәтижелерге қол жеткізді?

- Жалпы, Басқарма жұмысын 4 негізгі бағыт бойынша бөлуге болады:

  •  Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету;
  •  Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
  •  Діни экстремистік ағымдардың жақтастарымен профилактикалық және оңалту жұмыстарын жүргізу;
  •  БАҚ-да және ғаламтор кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмнің идеологиясының алдын-алуға бағытталған қарсы-насихат жұмыстары. Жыл басынан бері бұл бағыттарда бірқатар жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, конфессияаралық келісімді нығайту бағытында әртүрлі форматтарда 8 іс-шара өткізілді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша халық арасында әртүрлі форматтағы 600-ге жуық кездесулер өткізіліп, жалпы саны 100-мыңға жуық адам қамтылды. Діни экстремистік ағымдардың ықпалына ұшыраған 1100-ден аса адаммен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жыл басынан бері интернет-кеңістікте әртүрлі форматтағы қарсы насихаттық жұмыс аясында 2 мыңға жуық материал жарияланып, 2 миллионнан астам қаралымды қамтыды.

- Қоғамдағы діни сенім, өзара татулық, түсіністікті сақтау өте маңызды. Осы бағытта ауқымды, өзекті деген қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

- 130-ға жуық ұлт пен 18 түрлі конфессия өкілдері тұрып жатқан елімізде конессияаралық келісімнің маңыздылығын ескере отырып, Басқарма тарапынан осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, діни бірлестіктер мүшелері арасында қарым-қатынасты күшейтіп, бейбітшілік, ынтымақты насихаттау мақсатында 2017 жылы Алматы қаласы Діни бірлестіктер көшбасшылары клубы құрылған болатын. Клуб дін арасындағы серіктестік қағидаларын насихаттайды. Клубтың мақсаты – әртүрлі діндер арасында диалогты дамыту, толеранттылықты насихаттау.

Алматыда 17 конфессия, әр конфессияның артында мыңдаған адам, бірнеше жамағат тұр. Сондықтан конфессияаралық келісім өте маңызды. Жыл басынан бері Клуб аясында спорттық сайыстар, кездесулер және тағы басқа жиындар өткізілді.

- Дін істері жөніндегі бақарманың мамандары қоғамдағы қандай діни проблемаларды зерттеп, анықтай алды?

- Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 5 бабына 1 тармағына сәйкес, Басқарма өңірлік деңгейде мониторинг және талдау жұмыстарын жүргізеді.

Осы орайда, ағымдағы жылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында халық арасында, соның ішінде білім мекемелерінде оқитын жастар арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізілді. Бұл зерттеулер нәтижесінде жастардың діни сұрақтар туындаған жағдайда ғаламтор кеңістігінде күмәнді ақпарат көздеріне көп жүгінетіні белгілі болды.

Өз кезегінде, жастардың осындай ізденістер барысында діни экстремистік ағымдардың ықпалына ұшырауына жол бермес үшін кездесулер кезінде сұрақ туындаған жағдайда Басқармаға немесе тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге жүгінуге кеңес беріледі.

Бұдан бөлек, Басқарманың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы қарсы насихаттық мазмұндағы материалдар дайындалып, таргеттік жарнама арқылы кеңінен таратылады. Есептік кезеңде зайырлылық, отансүйгіштік, дәстүрлі құндылықтар туралы материалдарға 20-рет жарнама жасалынып, 800 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушылары қамтылды.

- Алматы қаласындағы діни ахуалды қалай деп бағалайсыз? Діни жамағатқа қосылатындар көбінесе қаланың байырғы тұрғындары емес, өзге облыс, аудандардан келген адамдар ғой.

- Алматы қаласында діни ахуалды тұрақты деп бағалауға болады. Жоғарыда аталғандай Басқарма тарапынан конфессияаралық келісімді насихаттауға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған тиісті іс-шаралар өткізілуде.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 19 бабында айтылғандай әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Осы орайда, діндар азаматтардың ұлты, жасы, тұрғылықты мекенжайы секілді мәліметтер бойынша есеп жүргізілмейді.

- Жат ағым жетегінде кеткен нақты қанша азаматқа немесе азаматшаға мешіттер, имамадардармен біріге отырып көмек көрсетілді? Ақыл сұрап келетін адамдар аз емес шығар?

Жоғарыда аталғандай, Басқарма жанында білікті теолог және психолог мамандардан құралған «Кеңес беру және оңалту орталығы» жұмыс жасайды. Бұл жұмысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері, яғни имамдарда өз үлестерін қосуда. Ағымдағы жыл басынан бері орталықтың көмегіне 1000-нан аса адам жүгініп, білікті мамандар тарапынан көмек көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар, жыл басынан бері діни қызметшілердің қатысуымен тұрақты негізде тұрғындарды діни экстремистік ағым идеологиясынан қорғау бойынша мешіт жамағатымен 100-ге жуық кездесулер өткізілді. Танымал уағызшылардың, имамдардың және жергілікті дінбасылардың ресми аккаунттарын пайдалана отырып, «Instagram» әлеуметтік желісінде 9 тікелей эфир ұйымдастырылды.

- Қалада оқуға келген жүздеген мың студент бар. Олар қоғамның негізгі күші саналады. Жастарды құрығына түсіргісі келетін, оларды өздерінің қатарына тартумен айналысқан топтар бір кездері аз болмаған. Теологтарды, психологтарды, дінтанушы мамандарды тарта отырып түсіндірме жұмыстарын жүргізу жақсы нәтиже береді. Басқарманың мамандары студенттер теріс ағымның жетегімен жүріп кетпес үшін тұрақты кездесулер өткізу жолға қойылған ба?

- Әрине, ондай кездесулер жолға қойылған. Басқарманың негізгі жұмыстарының бірі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жастармен кездесулер мен сұхбаттар өткізу болып табылады. Осы жылы ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында оқу орындарында 210 іс-шара өтіп, 17 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл кездесулер барысында дін саласындағы білікті мамандар теріс пиғылды діни экстремистік ағымдардың қауіптілігі мен зияны, қоғамның зайырлы және дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жүргізіледі.

Бұдан бөлек, оқу орындарында оқитын 400-ге жуық студентпен жеке форматтарда сұхбаттар жүргізіліп, дінтанушы және теолог мамандар тарапынан тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

- Бүгінгі күні қалада қанша діни бірлестіктер бар? салынып жатқан мешіттер саны аз емес. Қаладағы ғибадатханалардың саны қанша?  Ислам діні ғана емес, өзге дін өкілдерімен де бірлескен жұмыстар жүргізіле ме?

- Алматы қаласындағы қазіргі діни ахуалды тұрақты деп бағалай аламыз. Тіркелген діни бірлестіктердің саны 190 бірлікті құрайды, оның ішінде 118 діни ғимарат (54 мешіт, 20 православтық шіркеу мен собор, 2 католиктік приход, 1 синагога, Вон-буддистік конфессияның 1 діни ғимараты, протестанттық конфессиялардың 35 діни ғимараты, 4 - Ехоба куәгерлері, 1 - Новоапостол шіркеуі) бар. Жоғарыда атап өтілгендей, 2017 жылы Алматы қаласы Діни бірлестіктер көшбасшылары клубы құрылған болатын. Клуб аясында әртүрлі діни бірлестік басшылары мен өкілдері бір дастархан басында қоғамның өзекті мәселелерін талқылайды. Мысалы, осы жылғы 18 қазан күні Клуб аясында қазақстандықтар үшін дәстүрлі мереке болып саналатын Рухани келісім күніне орай «Дін әлеуметтік тепе-теңдік үшін: құмар ойындарға тәуелділікпен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында спикерлер лудомания дертінің шығу себебін сөз етіп, оны алдын алу үшін қандай іс-шаралар істеу керектігін талқылады. Жалпы, Клубтың дінаралық ынтымақтастықты арттыруда ықпалы зор. Клубтың мақсаты – әртүрлі діндер арасында диалогты дамыту, толеранттылықты насихаттау. Алматыда 17 конфессия, әр конфессияның артында мыңдаған адам, бірнеше жамағат тұр. Сондықтан конфессияаралық келісім өте маңызды болып табылады.

Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ 

Серіктес жаңалықтары