Күдіктілерге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы қала тұрғындары мен шаруашылық субъектілерінен 70-тен 300 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі заңсыз ақшалай сыйақыларды бопсалаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, олар бұл қаражатты газды қосу рұқсатын және техникалық шарттарды жедел алу үшін талап еткен.
«Өңірдегі газдандыру саласындағы жүйелі проблемалар ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі нәтижесінде анықталды. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен өткізілген жедел іс-шаралардың нәтижесі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді», - делінген ведомство хабарламасында.
Аталған тұлғаларға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.