Жақындары мұның аса қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне сенімді
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың туыстары марқұмның жерлеу рәсімінен соң тергеу барысы туралы жеткізді. Олардың айтуынша, қылмыстық іс қозғалғалы бері бірнеше күннің ішінде үш тергеуші ауысып, желіде түрлі бұрмаланған ақпараттар тарап жатыр. Марқұмның жақындары әділдікті талап етуде. Бұл туралы Azattyq Rýhy Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Туыстарының айтуынша, желіде тараған жалған ақпараттар мен түсініктемелер тергеудің белгісіз жағдайда, тыныш өтуіне әсер етуде.
«Олар жағдайды тыныштандырып, жұмсартуға тырыса ма деген қорқыныш бар. Қандай себептермен екені белгісіз іс ашылғаннан бері үш тергеуші ауысты. Бұл ретте ескі тергеушілер жаңаларының нөмірін де бермей, тіпті қоңырауларға да жауап бермейді. Қуандықтың ағасы оқиға орнында Салтанаттың еш қозғалыссыз жатқанын көргені туралы ақпарат тарапты. Осы кезде тек бір ғана сауал туындайды. Неге олар бірден жедел-жәрдем шақырмаған?», - делінген жазбада.
Жақындары мұның аса қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне сенімді.
«Оның сау-тамтығы қалмаған. Бізде мәйіттің суреттері де бар. Егер көрсеңіз өте қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне күмәнданбас та едіңіз. Әпкеме жасалған зорлық-зомбылықты ақтауға тырыспауды және әділ тергеуді сұраймын», – делінген жазбада.
Марқұмның туыстары желідегі тараған түрлі ақпараттарға сенбеуге шақырды. Айтуынша, бұл күдіктіні ақтап, істі тезірек жабу үшін әдейі жасалауда. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары, қазір еңсені көтеріп, тергеудің соңына дейін әділ өтуі үшін күреспек.
Еске сала кетейік, 9 қараша күні бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп сабап, өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Ол 2 айға қамауға алынды.