Атырауда 300 келіге жуық бекірені заңсыз саудаламақ болған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

76 бекіре тұқымдас балық тәркіленді

Атыраулық полицейлер 300 келіге жуық бекірені заңсыз саудаламақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Атырау облысы полиция департаменті балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері республика көлемінде өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы барысында бекіре тұқымдас балықтарын заңсыз сатып-алу, сату, тасымалдап жүрген 26 жастағы қала тұрғынын анықтаған.

Күдіктінің тұрғылықты мекен-жайына тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 282,5 келі құрайтын 76 бекіре тұқымдас балықтары тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.