$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бұғанасы қатпаған балалар да бар»: Алматыда нашақорлыққа тәуелділер 23%-ға көбейді

Осы жылдың он айында қалада 797 адам жаңадан есепке алынған

«Бұғанасы қатпаған балалар да бар»: Алматыда нашақорлыққа тәуелділер 23%-ға көбейді
Фото:elements.envato.com

Алматыда биыл нашақорлар саны көбейіп кеткен. Профилактикалық тексерулер нәтижесінде наркологиялық дертке шалдыққандар бойынша жаңа деректер анықталды. Биылғы он айда қалада 797 адам жаңадан есепке алынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі.

Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,8%-ға (2022 ж. - 760 адам) көп. Сонымен бірге биыл  Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының мамандары ІІБ-де әкімшілік бұзушылық үшін  ұсталған адамдар арасында нашақорлық пен маскүнемдікке шалдыққан науқастарды да анықтаған. Жыл басынан бері психологтар полиция басқармасында 48 оқиға бойынша пациенттерге медициналық, психологиялық көмек көрсетті және орталыққа емдеуге жолдама берген.

«Өкінішке қарай жасөспірімдер арасында наркологиялық кеселді ертерек анықтауға қатысты мәселе әлі шешілген жоқ. Себебі, жасөспірімдердің ата-аналары мектептерде есірткі/психобелсенді заттарды (ПБЗ) қолдану бойынша зерттеулер (тестілеу) жүргізуге қарсы. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында биылғы 11 айдағы көрсеткіш бойынша 4599 адам наркологиялық есепте тұр. Көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 212,1 – ге тең, бұл өткен жылғы деңгейден 0,5% - ға төмен (2022 ж. - 4572 адам). Оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны - 16 (2022 ж. – 18 жасөспірім). Нашақорлықпен 1161 адам динамикалық бақылауға алынған. Бұл 2022 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 23% - ға артық (2022 ж. - 1138 адам), оның ішінде 14-і бұғанасы қатпаған балалар, - деді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Биыл есепте тұрған есірткіге тәуелді тұрғындардың саны артқан. Орталық басшысы мұның себебін  «Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 қаулысына өзгерістер енгізіленімен түсіндірді. Ондағы 66 - тармақта «Трамадол» - опиоидты анальгетик  («дәріханаға тәуелділікпен» күресу мақсатында) деп енгізілгеннен бері халықтың психикалық сауықтыру орталығының қызметіне жүгінуі жиілеген. 

«Тәуелділікті емдеудің алғашқы қадамы - өз еркіндігіңіздің жоқтығын түсіну. Адам өзінің тәуелділіктің құрбаны екенін, өзін – өзі басқара алмайтынын, ал тәуелділік оны басқаратынын мойындауы керек. Тәуелділікті жеңуге деген ұмтылыс пайда болғанда ғана дәрігерге де, адамның өзіне де тәуелділікпен күресуге мүмкіндік пайда болады.

Екінші қадам- психиатр (психиатр-нарколог) немесе психотерапевт маманға жүгіну керек.

Дәрігер емдеу тактикасын (дәрі-дәрмекпен уытсыздандыру және қалпына келтіру емімен стационарлық), сондай-ақ оңалтуды, психотерапевттермен және психологтармен жұмысты анықтайды. Тәуелділікті емдеу арнайы медициналық дайындықты (білім беруді) қажет етеді. Мамандандырылған ауруханаға, яғни психикалық денсаулық орталығына хабарласуыңыз керек», - деді ол. 

Емдеу кезінде науқастың дәрігерге сенгені өте маңызды. Емделуші мен дәрігер арасында сенімді қарым-қатынас болмаса тәуелділікті жеңу өте қиынға соғады, дейді мекеме басшысы.

«Лудомания және одан емдеу қазіргі таңда өзекті және өткір мәселе. Құмар ойынның тұтқынына айналған адам күйзеліске ұшырайды және қалыпты өмір сүруге қауқарсыз, жігерсіз болады. Емдеу неғұрлым ерте басталса, тәуелділікпен күресу де тиімді болмақ. Алкоголизмге тәуелді 3438 адамның 2-еуі кәмелетке толмаған. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда статистикалық көрсеткіш бойынша маскүнемдікпен тіркелгендер арасында өзгеріс жоқ. (2022 ж. - 34 адам)», - деді қаланың бас психиатры.

Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ 

Серіктес жаңалықтары