«22 жасында жатыр обыры анықталды»: Онколог жатыр мойны обырының пайда болуы жайлы
Жатыр мойны обыры тек жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғатын вирустан пайда болады
Алматы Онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Өлмесханқызы «Basty bailyq» YouTube-арнасына берген сұхбатында жатыр мойны обырының пайда болу жолдары жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Аурудың себепкері – адам папиллома вирусы. Оны адам тек жыныстық жолмен жұқтырады. Қазір әлемде 200-ден астам вирус бар. Вирустың 14 түрі адам өміріне қауіпті болып есептеледі. Оны қазір біз ПТР-сынама бойынша анықтай аламыз. Осы 14 вирусты әйелдер жыныстық жолмен жұқтырады. Яғни, жыныстық органдар мен ауыз арқылы жұқтыра алады. Медицинада жыныстық жолмен берілетін инфекциялық вирустар бар. Олардан әртүрлі мүшеқап сынды контрацепция арқылы қорғануға болады. Ал жатыр мойны обырынан мүшеқаппен қорғана алмайсыз. Себебі, адам папиллома вирусы теріден теріге жұға береді. Яғни, мүшеқаптың қорғайтын аймағы шектеулі болғандықтан, одан қорғай алмайды», - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігі жас әйелдерде жиі кездеседі.
«10 жыл бұрын бұл аурудың түрімен 50-ден асқан әйелдер ауыратын. Қазір аурудың шарықтау шегі 40-44 жас. Мәселен, адам папиллома вирусын 20-25 жаста жұқтырады. Ол әйелде 10-15 жылдан кейін қатерлі ісікке айналады. Егер ол әйел уақытылы гинекологқа бармаса, скринингтен өтпесе, қатерлі ісіктің пайда болу қаупі өседі», - дейді онколог.
Райхан Өлмесханқызы папиллома вирусын жұқтырудың қауіп факторлары жайлы да айтып берді.
«Жыныстық қатынасты ерте бастау, жыныстық серіктестерді жиі ауыстыру ауруды жұқтыру ықтималдылығын өсіреді. Маған келген ең жас науқас 22 жастағы әйел болды. Жүктілік кезінде үлкен стадияда екенін анықтадық. Демек ол 10-12 жасында жыныстық қатынасты бастаған болып отыр. Бұл ауру қан арқылы да жұқпайды. Тек науқаста ЖИТС инфекциясы болса, онда жатыр мойны обыры әдеттегіден де тез дамиды», - деді онколог.