«Glovo» алматылықтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тегін жеткізеді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 5 сәуірден бастап жүзеге асады

Алматыда ең қажетті азық-түлік түрлері мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп бергені үшін ақы алынбайды. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы  Еркебұлан Оразалин арнайы брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қаладағы жеткізумен айналысатын бірнеше ірі компанияға ұсыныс жасадық. Қазір бізбен келісімге келген «Glovo» компаниясы 5 сәуірден бастап бұл бастаманы жүзеге асыратын болады. Компанияның қызметкерлері негізінен, азық-түлік пен медикаменттерді жеткізетін болады. Ал ет, көкөніс сияқты бұзылатын тағамдарды қалай әкеліп беру жағын қазір қарастырып жатырмыз. Бірақ мейрамханалар мен дәмханалардан дайын тағамдарды тегін жеткізіп бермейді. Бұдан бөлек, нарықта бірнеше компания бар. Қазір оларға да осындай ұсыныстармен шықтық. Келіссөздер жүріп жатыр. Бастысы аталған мекемелердің қызметкерлерінің қозғалысы, олардың қауіпсіздігі назардан тыс қалмауы керек. Осыған байланысты сұрақтар пысықталып жатыр», - дейді Еркебұлан Оразалин. 

Сондай-ақ бүгін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында ТЖ кезеңінде қаржылық қызметтер мен тұтынушыларды қолдау шаралары туралы да ақпараттар айтылды.  Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың дерегінше, банк борышкерлері 15 наурыз бен 15 маусым аралығында кез келген уақытта төлемдерді уақытша тоқтатуға арыз бере алады. Бұл жеке тұлғалардан тыс жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдеріне де қатысты.

«Қазір елде ШОБ және жеке кәсіпкерлердің ішінде 9 санат бойынша банк алдындағы берешектерді 90 күнге тоқтатуға мүмкіндік берілді. Сауда ойын сауық орталықтары, ондағы жалға алушы кәсіпкерлер, туризм мекемелері, тұрмыстық тауар саудалаушылары, қоғамдық тамақтану орындары, тасымалдаушы компаниялар, театрлар мен кинотеатрлар, сауықтыру орталықтары үшін айыппұл және өсімпұл тоқтатылды. Олар осы 90 күн ішінде өзіне қолайлы мерзімде банкке барып арыз жаза алады. Өтініштерді онлайн түрінде де қалдыруға болады. Өтінім 10 жұмыс күнінде қарастырылады», - дейді агенттік мамандары.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы