$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2023, 14:11
Қоғам

«Жаңа әкімдер корпусы қалыптасады»: сарапшы аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау туралы

Олжас Бейсенбаев бұл сайлау қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыратынын атап өтті

«Жаңа әкімдер корпусы қалыптасады»: сарапшы аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау туралы

Елімізде өтіп жатқан пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау - мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігіне елімізде болып жатқан маңызды шараға қатысты пікір білдірді.

Аудан әкімдерінің сайлауы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробациядан өтті. Мәселен, екі жыл ішінде ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандық маңызы бар қалалардың 1 668 әкімі сайланды. Оның 75% - саяси партиялар ұсынылды, қалған 25% - өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің 57,4%-ы бұрын бұл қызметте жұмыс істемеген. Яғни, ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды.

«Былтыр Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару институттарын жаңарту туралы міндеттеме қойды. Бірінші кезекте Президент сайлауы, одан кейін Парламент сайлауы өтті. Сондай-ақ пилоттық деңгейде ауыл әкімдері де сайланды. Енді міне аудан әкімдерін сайлау деңгейіне шығып отырмыз. Бұл маңызды меже болып саналады. Себебі бізде бірінші кезекте әкімдер корпусын жаңарту міндеті тұр. Бұл жаңа уақыт талабы. Қазіргі кезде экономикалық-әлеуметтік саясатты жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан өңірлердегі инвестициялық, аграрлық саясатты дамыту бойынша бізде халықпен етене тығыз жұмыс істейтін жаңа әкімдер корпусын қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ жалпы халықтың саяси шешім қабылдауға деген қатыстылығын, олардың өзінің дауыс беруін, әкімдермен тығыз жұмысының нәтижесін көруіне ары қарай да жол ашуымыз керек», - деді Олжас Бейсенбаев.

Жалпы әкімдер сайлауы мемлекет пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Осылайша азаматтар үшін өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда.

«Бұл ретте қоғамдық кеңестердің жұмысына деген халықтың қызығушылығы артып отыр. Оны Қазақстанның қоғамдық даму институтының зерттеуінің алдын ала нәтижесі бойынша аңғаруға болады. Азаматтар өздерінің облыс, аудан деңгейіндегі қоғамдық кеңестердің жұмыстарына қызығушылық танытып,  нәтижесінде ұйымның жұмысымен таныс азаматтардың үлесі көбейген. Бұның барлығы қоғамдық ұйымдардың жұмысын барынша демократияландыру үшін жасалып жатқан қадамдар деп түсінуіміз қажет. Өңірлерде өндірістік және өзге де мәселелер баршылық. Сондықтан халықтың үніне құлақ аса жұмыс істеу өте маңызды. Ал бұл сол процессті әлдеқайда ашық қылып жасап жатқан маңызды қадамның бірі. Сайлау кезінде өзін өзі ұсынған кандидаттар тұрғындарды барынша өз бағдарламасымен жақсылап таныстыруы тиіс. Ал сол бағдарламаны іске асыру жұмыстарын қоғамдық кеңес, ақсақалдар алқасы қатаң қадағалау керек деп ойлаймын», - деді сарапшы.

Конституциялық реформа есебінен саяси модельді түбегейлі жаңарту, әкімдердің тікелей сайлануын енгізу – мұның барлығы қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен саяси қатысуын арттыруға ықпал етеді.

«Бұл сайлау қоғамда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру туралы маңызды міндетті көрсетеді. Сондықтан бұл аймақтардағы әкімдердің халықпен жұмыс істеудегі арадағы бәсекенің артуына сеп болмақ. Бұл ретте аймақты дамыту идеясы да жандана түсетіні анық. Себебі бұған дейін Президент өңірлердегі әкімдердің жауапкершілігін арттыру туралы айтып өткен еді, бұл аудандарға да қатысты», - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Серіктес жаңалықтары