Ақтөбеде полицейлер суицид жасамақ болған әйелді аман алып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін бір жарым сағаттай келіссөз жүргізген

Ақтөбеде жақындарымен жанжалдасқан келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Абырой болғанда, полиция қызметкерлері қайғылы жағдайға араша түсіп үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Диапазонға сілтеме жасап.

25-ші қабаттан секірмек болған әйелді Ақтөбедегі полиция қызметкерлері құтқарды.

«3 қарашада түскі уақытта полиция қызметкерлері Мөлдір Асылбаева мен Ақасыл Дәулет қаланың 11 шағын ауданында орналасқан «Ақтөбе ажары» тұрғын үй кешенінің жанынан өтіп бара жатып, 25-ші қабаттан секірмек болған адамды байқады. Олар бірден 25-ші қабатқа көтеріліп, онда олар жоғары қабаттан құлағалы тұрған әйелді көрді. Полицейлер онымен бірден сөйлесіп, оны сабырға шақырған», – делінген хабарламада.

Бір жарым сағаттық келіссөздерден кейін полиция қызметкерлері қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелді тыныштандыра алды, олар оны мұндай қайғылы қадамнан бас тартуға көндірді.

32 жастағы әйел полицейлерге мұндай әрекетке баруын туыстарымен болған келіспеушіліктермен байланыстырды. Оған медициналық көмек көрсетілді.