«8 мыңнан астам кадр тапшы»: Әшімбаев медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі жайлы

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол Сенат осы бағытта министрлікпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты

Фото ашық дереккөзден

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында медицина қызметкерлерінің тапшылығы жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлініп жатқанын айтты.

«Денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Бұл медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда өте үлкен маңызға ие. Алайда салада медициналық кадрдың тапшылығы бар. Біздің мәлімет бойынша денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан астам кадр тапшы екен. Бұл тенденция соңғы жылдары байқалып отыр. Оның саны артып та келеді. Кадрларды сақтап, оларға жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныстар болды. Осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істейік», - деді Әшімбаев.

Сенат төрағасы депутаттар қажетті заң жобаларына өзгерістер енгізуге дайын екенін айтты.

«Медицина мамандығына кадр тарту үшін қосымша қандай іс-әрекет жасауға болады. Қандай заңға өзгеріс енгізіп, қандай норма қабылдауға болады деген мәселелерді қарау керек. Себебі медицина кадрларының жетіспеушілігі өте өзекті проблема. Соңғы жылдары қарқынды өсу болған жоқ. Қазір нақты шешім қабылдауды қажет ететін жағдай туындап отыр. Оларды әзірлеп, Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырамыз», - деді Әшімбаев.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ