Алматы мектептерінде асханаларға толықтай бейнебақылау орнатылады – Жылқыбаева

Қалада 215 мемлекеттік мектеп бар

Алматы мектептерінде асханаларға толықтай бейнебақылау орнатылады – Жылқыбаева
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Алматыдағы мемлекеттік мектептердің асханаларына бейнебақылау орнатылады. Асханадағы ас мәзірінің дайындалуы да бақылауға алынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қалада 215 мемлекеттік мектеп бар. Білім басқармасының жанынан ведомствоаралық сараптама тобы да құрылады. Олар оқушыларды дұрыс әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етілуін бақылайды. Қаладағы мектептің асханаларында оқушылар тамағының дайындалуы осылайша қатаң бақылауға алынбақ. 

«Асхананы жалға алушыларға бейнебақылау камерасын орнатуды міндеттеу үшін қазір білім беру ұйымдарының басшыларына тапсырма берілді. 206 мемлекеттік мектептің асханасына камералар орнатылған (қалада барлығы 215 мемлекеттік мектеп бар). Бұл ведомствоаралық комиссияға кез келген уақытта балаларға арналған тағамдардың қалай дайындалатынын көруге мүмкіндік береді. Бүгінде орта білім беру ұйымдарында тамақты 85 жалға алушы қамтамасыз етеді.

Білім беру ұйымдары қызмет көрсетушіні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы бұйрығына сәйкес конкурстық негізде таңдайды. Сонымен қатар соңғы уақытта жергілікті бюджеттен мектеп асханасының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қаражат бөлініп отыр», - деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен 2022-23 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 2023 жылға арналған жалпы бюджет жергілікті бюджет есебінен 20,4 млрд теңге болды. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларды қосқанда, бүгінде 134 мыңнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылып отыр.

«Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайтудың ең өзекті мәселелерінің бірі – оларды сандық және сапалық жағынан физиологиялық және гигиеналық талаптарға жауап беретін дұрыс тамақпен қамтамасыз ету. Қала мектептерінде тамақтанудың сапасы мен тиімді ұйымдастырылуына жүйелі мониторинг жүргізіледі. Кестеге сәйкес, күнтізбелік жыл ішінде білім беру саласының қызметкерлерінен, аудан әкімдерінен, депутаттардан, ата-аналардан және Қазақ тамақтану академиясының өкілдерінен тұратын комиссия өкілдері қаланың барлық білім беру ұйымын аралап шығады», - деді басқарма басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.