Жыл басынан бері қызылшадан 15 адам қайтыс болды – Біртанов

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың көбі екпе егілмеген балалар

bash.news

Қазақстанда жыл басынан бері қызылша ауруынан 15 адам қайтыс болған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы журналистерге Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.

«Былтырдан бастап қызылшамен ауырғандар саны артты. Бұл тек бізде ғана емес, Еуропа елдерінде де тіркеліп отыр. Қазақстанда аталған дерттен 15 адам қайтыс болды, көбі вакцина қабылдай алмаған кішкентай балалар», - деді Біртанов Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, балаларына екпе егуден бас тартқан ата-аналар кесірінен вакцина қабылдай алмайтын өзге балалар көз жұмып отыр. Яғни, жұқпалы дертке олардың ағзасы төтеп бере алмайды.

«Ең алдымен екпемен қорғалмаған балалар зардап шегеді. Олардың қатарында вакцина алуға тыйым салынған сәбилер де, ата-анасы өз еркімен бас тартқан сәбилер де бар. Ауру нақты кімге жұғатынын ешкім айта алмайды, сондықтан бүкіл әлем бұл вакцинаны қабылдап отыр. Жаппай екпе егілген кезде ғана иммундық қабат пайда болып, қауіпсіздік орнайды», - деді министр.