Жарық жиі өшеді: Алматы облысындағы ауыл тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін

Azattyq Rýhy

Жауаптылар мәселе 6 жылдан кейін шешілетінін айтты

Жарық жиі өшеді: Алматы облысындағы ауыл тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін
Фото: almaty.tv

Алматы облысында 7 жылдан бері жарыққа жарымай отырған Қошмамбет ауылының тұрғындары қыста жылусыз да қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Тоқ сымдары үзіліп, бағандары қисайған ауыл жұрты бұл жолы елдімекеннің кіреберісіне жиналды. Олардың айтуынша, мәселе 7 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ түйінін шешетін адам жоқ. 

«Астанада 1-2 сағат жарық өшті, дау болып, бүкіл ел даурықты. Ал бізде жарық күнде өшеді. Бірде тоқ бар, бірде жоқ, үйдегі техника күйіп бітті», – деді Қошмамбет ауылының тұрғыны Нойла Өмірбаева.

Ауыл тұрғындары «электр мәселесі реттелмесе, қытымыр қыста жылусыз қаламыз» дейді. Себебі жарық өшсе, пеш те істемейді. Қазір тұрғындар пеш күйіп кетпеу үшін, оны тоқтан суырып қояды екен. Жауаптылардың айтуынша, мәселені толық шешу үшін тоқ желісін түгел ауыстыру қажет. 

«Халыққа оңай сияқты, олар 5-6 жыл күтуі керек. Өйткені ауыстыру жұмыстары көп күшті талап етеді, шығыны да аз емес. Жұмыстар тез аяқталады деп ойламаймын», – деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ шебері Алмаз Түркебаев.

Жауаптылардың айтуынша, Қошмамбеттегі жарықтың жиі сөнуіне көрші ауылдағы күрделі жөндеу жұмысы себеп болған.

Айта кетейік, елдімекендегі 80-нен астам трансформатордың шамамен алпысы бірнеше кәсіпкердің иелігінде екен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.