Президент Жолдауын жүзеге асыруға Ассамблея да атсалысуы керек – татар-башқұрт ЭМО төрағасы

Биыл ҚХА бастамасымен үш жүзге жуық әртүрлі іс-шара ұйымдастырылған

Президент Жолдауын жүзеге асыруға Ассамблея да атсалысуы керек – татар-башқұрт ЭМО төрағасы

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға тек жергілікті әкімдіктер ғана емес, Қазақстан халқы Ассамблеясы да аянбай еңбектеніп, атсалысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Элдар Юлдабаев осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оның айтуынша, бейбіт өмірдің кепілдігі татулықта екенін Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері түсінген. Жер-жаһандағы болып жатқан тұрақсыздық пен ұлттардың бір-біріне деген жеккөрушілігі аяусыз қақтығыстарға, жазықсыз адамдардың өліміне әкеліп жатыр. Ал балалардың, қарттар мен әйелдердің еркін өмір сүруі тұрғысынан Қазақстан – Орта Азияға ғана емес, дүниенің әр түкпіріндегі барлық елге үлгі.  

«Ең бірінші мақсатымыз –халықтың арасында бірлік болса, жер бетінде тыныштық орнайды деген ұстаныммен жұмыс істеу. Қазақстан бойынша жүз отыз ұлт пен ұлыс тұрады. Оларды бірлікте, татулықта ұстау оңай емес. Әртүрлі ұлттар ғой, олардың бір-біріне деген құрметін арттыра білу оңай емес. Соған қарамастан жасалған орасан зор жұмыстардың арқасында жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Барлық сала бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Біз өз орталығымыз аясында көбіне мәдени шараларды, түрлі фестивальдерді, кездесулер, конференция, дөңгелек үстелдерді өткіземіз», - деді ҚХА Башқұрт-татар қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Элдар Абрарович.

Ол өзге ұлт өкілдері де елдің дамуына үлес қосуы тиіс деп санайды. Президент жолдауында көтерілген мәселелерді шешуде тек әкімдіктердің ғана емес, қоғамдық ұйымдардың, мәдени орталықтардың да рөлі аз болмауы тиіс. Ассамблея мүшесінің айтуынша, шағын және орта бизнесті дамыту, жастардың мәдени-рухани өсуін, қажырлы еңбек етуі мен мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыруда этномәдени орталықтар, бірлестіктер жұмысты тоқтатпауы керек.

«Қазақ елінде тұрсақ та, бізде өзіміздің ұрпақты салт-дәстүрін сақтауға, татар тілін үйретуге арналған орталықтар бар. Әр ұлт өз салтын сақтай отырып, қазақ тілін міндетті түрде білуі керек. Бізде татар тілін үйрететін бірнеше орталық бар, онда мұғалімдеріміз жұмыс істейді. Ал мен басқаратын медициналық колледжде 15 ұлттың өкілі оқиды. Бәрі бір-бірін құрметтейді. Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт бауыр болып кеткен. Қазақстанға күштеп қоныс аударған әрбір ұлт қиын кезеңде келгенде қазақтардың өздерін қалай аман алып қалғанын жақсы біледі және оны ешқашан ұмытпайды. Ассамблея тек мәдени шаралардан бөлек, Президент жолдауда көтерген түрлі бастамаға да үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бұл әсіресе бизнес, инвестор саласына, ауыл шаруашылығын дамыту, құрылысқа қатысты. Ел экономикасының алға жылжуына өзге ұлт өкілдері үнемі атсалыса беруі керек. Қазақстанда тұратын ұлттар бір-бірімен бауыр, апалы-сіңлілі болып кеткен. Олардың мақсаты да, мүддесі де бір. Тіптен туысқан, құда-жекжат болып жатқандары қаншама», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Елімізде 40 мыңға жуық күрдтер тұрады. Күрд мәдени орталығы өкілдерінің айтуынша, халқының саны өсіп жатыр. Сталиндік қуғын кезінде күштеп жер аударылған күрдтер көп қырылып, саны мүлдем азайып қалған. Күрд диаспорасының өкілдері негізінен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тұрады. Олардың айтуынша, көбінесе ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жатқан күрд халқының саны да өсіп келеді.

«1937 жылдары Сталин біздің ата-бабаларымызды күштеп жер аударды. Бізді Қазақстан жер аударылғанымызға шүкіршілік дейміз. Қазақтарға айтар алғыс, рақметіміз біткен емес.

Бізді болашақта татулық, бірлік қана еркін өмір сүруге жеткізетін жалғыз жол екенін түсіндік. Президенттің тапсырмалары бәрімізге, барлық ұлтқа ортақ. Оның Жолдауда айтқан тапсырмаларынан өзге диаспорлар шет қалмау керек. Біздің салтымызды, тілімізді, мәдениетімізді сақтап қана қоймай, дамытуға мүмкіндік бергені, оған жағдай жасағаны үшін біз ортақ жұмыста бірге болуымыз керек. Жер аударылған ата-апаларымыз қазақ даласына мал таситын вагонмен жетті. Көбі жолда аштықтан қырылып қалды. Өздерінде барымен бөлісіп, күрд халқын аман алып қалған қазақтарға біздің алғысымыз шексіз. Үкіметтің, Президенттің тапсырмалары бәрімізге ортақ. Ассамблеяның негізі жұмысы – жастармен де әртүрлі ағартушылық, мәдени шараларды көбейту, ұлттардың өзара жақын араласуына мүмкіндік туғызу. Біз Қазақстандағы бір халықпыз деп айта аламын. Бізге қазақ мемлекеті жаңа балабақша, жаңа мектеп, автомагистраль, бизнеске қолдау сынды көптеген жақсы мүмкіндіктерді жасап беріп отыр», - деді ҚХА Күрд этномәдени орталығының жетекшісі Надо Надров.   

Биыл Ассамблеяның бастамасымен үш жүзге жуық әртүрлі іс-шара ұйымдастырылған. Этносаралық ахуалды зерттеп, әртүрлі этнос өкілдерінің қоғамдық әл-ауқатын анықтау, болуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар дайындау мақсатында тоқсан сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.

«Енді елден шығып, сыртта болып жатқан оқиғаларды айтайық. Украина-Ресей, Тайвань-Қытай, Израиль-Палестина қақтығысы сынды мысалдар өте көп. Орта Азиядағы кейбір елдер де бір-бірімен әлі дауласып келеді. Ал біздің Қазақстан әлемге тыныштық, бейбітшіліктің жақсы үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы деген теңдесі жоқ әмбебап институт саналады. Әлемде жүзден астам ұлттың басын біріктіретін мұндай институт бізге дейін болмаған. Кейін бізге қарап Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан сынды өзге елдерде де құрылды. Себебі ұлттардың арасындағы кез келген жанжал қарапайым тұрмыстық текетірестерден басталады. Мәселен, былтыр Ресейде моблизация басталғанда көр жұрт Қазақстанға ағылып келді. Олар да қазақ елінің қонақтарды қабылдайтынын, қумайтынын біледі», - деді ҚХА мүшесі Эльдар Юлдабаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.