Елімізде жол апатынан 9 айда 1,6 мың адам қайтыс болған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның 210-ы – кәмелет жасына толмаған балалар

Фото ашық дереккөзден

Елімізде биыл 9 айда 9,8 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 14 мың адам зардап шексе, 1,6 мың адам қаза тапты, оның ішінде: 210-ы кәмелетке толмаған бала, 488-і әйел, 1192-і ер адам. Мұндай статистикалық деректерді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Статистикаға сүйенсек, аймақ бойынша ең көп жол апаты Алматы қаласы (2556), Алматы облысы (961), Жамбыл облысы (695), Түркістан облысы (616), Астана қаласында (570) тіркелген.

Апаттың негізгі себептері:

  • Жылдамдықты асыру - 2 381,
  • Жаяу жүргіншіге басымдылық бермеу - 1473,
  • Жол белгілерін сақтамау (жылдамдықты шектеу белгілерін есепке алмағанда) - 380,
  • Өзге де жол қозғалысы ережелерін сақтамау – 5 635.

ЖКО-ның 88%-дан астамы жүргізушілердің (8 703) кінәсінен орын алады, оның 305-і алкогольге мас, есірткіге елтіген күйде болған.

Жол апаттарының көп бөлігі:

  • 7 380-і елді мекендерде,
  • 1 703-і халықаралық, республикалық маңызы бар трассаларда,
  • 789-ы облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген.

Күзгі-қысқы кезеңнің басталуы, сондай-ақ жол қолайсыздығы жағдайларының күшеюі салдарынан апаттар қаупі артады.

«Осы ретте, автокөліктің техникалық жай-күйін қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру, уақтылы қысқы шиналармен жабдықтану, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, жолдарда өте мұқият болу, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігіне жүргізушілердің назарын аударамыз. Сондай-ақ қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатыны туралы естеріңізге саламыз», - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Техникалық регламенттердің талаптарына жауап бермейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделеді және бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.