«150-ден астам адам өлді»: «Арселор Митталға» қарасты шахталарда болған апаттар

Автор: Сымбат Ғалымжан

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды

Фото ашық дереккөзден

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмыс істеп бастаған уақыттан бері көмір шахталарында болған апаттан 150-ден астам кенші қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1995 ЖӘНЕ 1998 ЖЫЛЫ 16 КЕНШІ ҚАЗА ТАПТЫ

Компания тарихында алғашқы апат 1995 жылы «Ленин» шахтасында болды. Жарылысқа көмір мен газдың кенеттен бөлініп, содан кейін метан мен ауа қоспасының жарылуы себеп болған. Салдарынан 13 кенші қаза тапты. Тура үш жылдан соң дәл осы шахтада техникалық ақаудың салдарынан газ жарылып, тағы үш адам қаза көз жұмды. 

2004 ЖЫЛЫ 23 КЕНШІ ОПАТ БОЛДЫ

2004 жылдың желтоқсанында «Шахтинск» шахтасында газ жарылды. Жарылыс кезінде ол жерде 89 адам болған, жарылыстың эпицентріне жақын жерде жұмыс істеген 23 кенші  бірден қайтыс болды.

2006 ЖЫЛЫ 41 АДАМ МЕРТ БОЛДЫ

2006 жылы қыркүйекте «Ленин» шахтасында қауіпсіздік жүйесі бұзылған желдету құбырларын ауыстыру кезінде жарылыс болып, оның толқыны 4,5 шақырымды қамтыды. Салдарынан 41 адам қайтыс болған еді. Осы қайғылы оқиғадане кейін елде аза тұту күні жарияланды.

2008 ЖЫЛЫ 35 АДАМ ҚАЗА ТАПТ Ы

2008 жылы қаңтарда «Абай» шахтасында жарылыс болып, 30 адам қаза тапты. Технология бұзылып, салдарынан ұшқын туындаған. Апат себебін компания осылай түсіндірді. Сондай-ақ осы жылы «Тентек» шахтасында кенеттен газ бөлінуі салдарынан жарылыс болып, 5 адам жан тапсырған. 

2021 ЖЫЛЫ 6 КЕНШІ УЛАНЫП ӨЛДІ

2021 жылдың қарашасында «Абай» шахтасында кенеттен метан мен көмірдің шығарылуы салдарынан тағы апат болды. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, олардың 8-і апаттық кенжарда жұмыс істеген. Жарылыс кезінде 6 кенші өзін-өзі құтқару құралдарын пайдаланып үлгермей, оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі кенші газбен уланып, реанимацияға жатқызылды. 

2022 ЖЫЛЫ 11 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

2022 жылдың ақпанында АМТ кәсіпорнының «Шахтинская» шахтасында тау-кен жұмыстарын орындау кезінде көмір сырғыды. Ешкім зардап шеккен жоқ – апат алаңында болған төрт кенші уақытында қашып үлгерді.

2022 жылдың маусым айында АМТ компаниясының бірнеше нысанында бір аптада бес адам қаза тапты. Алдымен отқа төзімді қалауды бөлшектеу кезінде төрт адам қаза тапты – бұл Теміртауда металлургия комбинатында болды.

Ал, 3 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Ленин» шахтасында ірі апат болды. Шахтадағы метан шығарылуы салдарынан жарылыс болды. Ол кезде шахтада болған 106 адамның 5-і қайтыс болып, тағы 9-ы зардап шекті. Олардың ең кішісі Марғұлан Ынтымақов 26 жаста еді, кәсіпорында екі ай ғана жұмыс істеген.

Сондай-ақ 2022 жылдың 8 желтоқсанында «АрселорМиттал Теміртауда» апат болып, 1 адам көз жұмды. 

2023 ЖЫЛЫ КЕН ОРНЫНДАҒЫ АПАТТАН КЕЙІН 2 РЕТ «ҚАРАЛЫ КҮН» ЖАРИЯЛАНЫП ОТЫР

2023 жылы 5 қаңтарда «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорны аумағында тағы бір жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға №2 қаңылтыр тарту цехының химиялық блогындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде орын алған. Ер адамды тоқ соғып, есін жимастан көз жұмды. 

17 тамызда компанияға қарасты «Қазақстан» шахтасындағы конвейерлік таспа тұтанып, өрт шықты. Апатты жою жоспары іске қосылып, жұмысшылары жер үстіне шығарыла бастаған. Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған. Бұл апаттан 5 кенші опат болды. Бұл оқиғадан кейін, биыл 20 тамыз қаралы күн деп жарияланды.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова 11 қазан күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тексеру жүргізіліп жатқанын айтқан еді:

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында экологиялық аудит жүргізіліп жатыр. Тексеруді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған», - деді Тамара Дүйсенова.

Алайда, жыл соңына жетпей жатып, тағы бір апат орын алды.

Бүгін, 28 қазан, сенбінің таңы қаралы хабардан басталды. Костенко атындағы шахтада өрт болып, салдарынан адамдар қайтыс болды.

Алдымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев 11 адам қаза тапқаны туралы хабарлады. Кейін құрбан болғандар саны 16-ға дейін өсті.

Түстен кейін апат 25 адамның өмірін қиды деп хабарланды.

Апат кезінде жер астында 252 кенші болған. Жер бетіне 208 шахтер шығарылды. Ондаған жұмысшы жер астында қалып қойды.

Бас прокуратура апат фактісі бойынша «тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады (Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі).

Апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды, оны премьер-министр Әлихан Смайылов басқарады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ірі активтерді — кеңес кезеңінде салынған меткомбинат, тау-кен байыту фабрикасы мен Теміртаудың инфрақұрылымдық объектілері салынған Қарағанды көмір бассейнінің сегіз шахтасын жекешелендіру компаниясы барысында 1990 жылдардың ортасында алды.

Ресми деректерге сүйенсек, «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында соңғы 15 жылда 130-ден астам адам қаза тапқан. Бүгінгі трагедия бұл тізімге тағы 20-дан астам есім қосты...