Мемлекет басшысының атына Республика күніне орай құттықтаулар келіп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас Қазақстан халқын Ұлттық мерекемен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Республика күніне орай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларынан құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас Қазақстан халқын Ұлттық мерекемен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі.

«Тіл, тарих және мәдениет сияқты ортақ құндылықтарымызға негізделген қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Екі елдің ынтымақтастығы жаңа салалармен толыға түскені қуантады. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесінде Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстар одан әрі нығая беретініне сенімдімін. Сізбен Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде кездесетініме қуаныштымын», – делінген жеделхатта.

Словакия Президенті Зузана Чапутова Мемлекет басшысына тұрақты, әділетті және бақуатты Қазақстанды дамытуға бағытталған реформаларды іске асыруда табыс тіледі. Сондай-ақ ол халықаралық құқық қағидаттарын құрметтеуге негізделген өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде елдеріміз қазіргі заманның сын-қатерлерін бірге еңсеретініне сенім білдірді.

Сербия Президенті Александр Вучич өзінің жеделхатында екі ел арасындағы өзара құрмет пен түсіністікке құралған дәстүрлі достық қатынастардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Александр Вучич Сербия және Қазақстанның мүддесі мен игілігі жолындағы өзара ықпалдастық алдағы уақытта да кеңейеді деп сенетінін жазған.

Сонымен қатар өз құттықтауларын Литва Президенті Гитанас Науседа, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов және басқалар жолдады.

Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.