Сусымалы өнімді салуға арналған үлкен қаптар әзірлейтін зауыт енді толық циклде жұмыс істейді
БҚО-да Республика күні қарсаңында өңірде баламасы жоқ өндіріс орны ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Биг-бэг дегеніміз жұмсақ, үлкен қаптар. Зауытта цемент, құм, түрлі қоспалар, тыңайтқыштар, түйіршікті пластик сияқты материалдарды қаптау, тасымалдау, сақтау және түсіру кезінде ыңғайлы биг-бэгтер шығарылады. Ал вагон қаптарын күкірт, бидай, құм секілді ашық тасымалданатын жүктерге қолдануға болады. Жалпы мұндай қаптар түрлі материалдарды тасымалдау және сақтау мақсатында қолданылады. Жобаны жүзеге асыруға инвестор 3 миллион доллар жұмсаған. Зауытта жыл сайын кемінде 5 милионнан астам дана биг-бэг және 60 мың вагон жабындысы дайындалады. Тауар еліміздің түкпір-түкпірімен қоса, шетелге де сатылады. Нарықта мұндай өнімге сұраныс жоғары көрінеді.
Өндіріс орнының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев биыл өңірдің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 430 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту мәселесіне баса мән беріп отырмыз. Жыл соңына дейін 570 млрд теңгеге инвестиция тарту көзделіп отыр. Облыста биыл инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 27 пайызға артты. Күні бүгінге 430 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Мұндай өндіріс орындарының ашылуы жергілікті экономикамыздың артуына жол ашады. Жаңа жоба арқылы 20-дан аса мемлекетке биг-бэг өнімі таратылуда. Сәуір айында инвестормен келіссөз жүргізіліп, арнайы талаптарымды қойдым. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Осындай жобаларды арттыру арқылы жергілікті жұмысшылардың жағдайын арттырамыз. Жыл соңына дейін тағы үлкен төрт жобаны жүзеге асырамыз. Олар кірпіш зауыты, минералды су шығаратын зауыт, күнбағыс майы зауыты. Осындай өндірістерді ашу арқылы экономикамыз түзеледі», – дейді аймақ басшысы.
«Packaging systems» ЖШС директоры Герман Медведевтің айтуынша, тауардың көбі батыс елдеріне жіберіледі. Қазірдің өзінде Белгияға жіберілетін тауар жиынтығы дайын. Алдағы уақытта экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жоспарда тұр. Шикізат еліміздегі кәсіпорындардан бөлек, Ресейден де сатып әкелінеді.
«Маркетингтік талдау жасаған кезде полипропилен қаптарына сұраныс бар екенін анықтадық. Біз өнімнің сапасына баса мән береміз. Шикізатты Ресейдің Челябі мен Ярославль қаласынан жеткіземіз. Орналасқан жеріміз өте ыңғайлы, коммуникациялық желілер өткізілген. Орналасқан жеріміз өте ыңғайлы, коммуникациялық желілер өткізілген», – дейді зауыт директоры.
Зауытта 110 жұмыс орны ашылған. Қазір 30 шақты адам еңбек етіп жүр. Кәсіпорынжұмысшыларды келіссөзге сәйкес, өз қаражаты есебінен арнайы оқытқан екен.
Зауыт қызметкері Ардақ Баспанова Ресейдің Мәскеу қаласынан білімін жетілдіріп келіпті.
«Жеті айдан бері осы жерде еңбек етіп жүрмін. Жасым 56-да. Мені еш жерге жұмысқа алмады. Бұрын құрылыста жұмыс жасадым. Мұнда келген соң мені арнайы өз қаражаттары есебінен оқытты. Жалақым да жоғары әрі тұрақты беріледі», – дейді Ардақ Амангелдіқызы.
Өз кезегінде Орал механикалық зауытының еңбек ардагері Юрий Бархатов зауыттың жаңа өніміне сұраныс та көп боларына сенім білдірді. Оның айтуынша, мұндай өнімді негізінен Ресейден алып келген, «енді өзіміз шығаратын боламыз және оның сапасы көрші елдікінен артық болатынына үміттіміз. Бұл өнім әсіресе, тұқымдық бидайын ұзақ мерзімге сақтайтын диханшыларға қажет болады. Жасыратыны жоқ, көптеген қоймалардан су ағып, сақтаған тұқымның сапасы төмендеп, бүліне бастайды. Ал мына алып қапшықтарға сақталған өнімдерге ешқандай дымқыл тимейтін болады » дейді ардагер.
Сусымалы өнімді салуға арналған үлкен қаптар әзірлейтін зауыт енді толық циклде жұмыс істейді. Үлкен қаптарды көптеген салада қолдануға болады. Бұл жетістік шетелден жеткізілген жаңа технологиялардың арқасында мүмкін болып отыр.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы