Депутат спорттағы көрінбейтін интригалық «күрестер» жайлы айтты
Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов Туризм және спорт министрлігінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астана қаласында өтеді. Бұл – әлемдік этноспортты, ұлттық ойындарды жаңғыртуға арналған аса маңызды аламан. Алайда дүниежүзілік доданы ұйымдастыру жұмыстарының лебі сезілмейді деді ол.
«Мәлімет бойынша, Үкіметтік деңгейде комиссия құрылған. Басты сайыстар өтетін нысан ретінде Астана қаласындағы «Астана-Арена», «Қазанат» иппадромы, «Жекпе-жек» сарайы және «Алау» мұз сарайы бекітілген. 8 млрд теңге қарастырылған, бірақ бұл қаржы инфрақұрылымдарға емес, ұйымдастыру жұмыстарына бөлінген. Жалпы, спорт пен туризм саласында тұралап тұрған мәселе көп. Сол үшін де Мемлекет басшысы салаға қатысты проблемаларды шешу үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Енді сол жаңа ведомствоның сыналатын шағы. Бұған дейін өткізуге жауапты мемлекеттік орган тиісті процедураларды өз деңгейінде ұйымдастыра алмауда. Тиісті мемлекеттік органның салғырттығы салдарынан қалалық әкімшілікке инфрақұрылымды реттеуге бір тиын қаржы бөлінбеген. Ал Астана қаласы әкімдігі Үкімет жаққа жалтақтаумен дәрменсіздің күйін кешуде. Дүниежүзілік доданың өтетін мерзімі – 2024 жылдың қыркүйегі. Тура 11 ай қалды. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақтүтек боран, саршұнақ аязбен алысып тағы алты ай өтеді. Негізгі шаралар өтетін «Қазанат» ипподромында 10 мың адамға қызмет ететін нысан құрылысы жүріп жатуы керек еді. Өзге де спорттық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары, реконструкция, басқа да жұмыстары тоқтап тұр. Атшабарға жапсарлас этноауыл жоспарланған. Күні кеше өз аяғымызбен барып көрдік. Өлі тыныштық», - деді депутат.
Мәжіліс депутатының айтуынша, ұйымдастыру жұмысының нашарлығы шетелден келетін спортшылар мен туристерді қабылдауға дайын емес екенімізді көрсетеді. Трансляция тақырыбы да жүйесіз.
«Қазірдің өзінде Көшпенділер ойынына қатысуға 20 спорт түрі бойынша 73 ел өтініш берген. Демек, 100-ден аса елден 3000-нан аса спортшы қатысады деп жоспарлануда. Бұған ағылып-төгіліп, шашылып-сөгіліп келетін туристерді қосыңыз.
Өткен жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тамашалаған. Ақпарат таратуға шетелдік БАҚ-тың 800-ден аса өкілі келген. Олардың арасында 57 телеарна, 16 радиостанция, 87 ақпараттық агенттік пен 48 басылым өкілі және 70-тен аса танымал блогер болған. Қысқасы, шаруа шаш етектен», - деді депутат.
Бұл ретте, Ұлттық спортты дамытуда «AMANAT» партиясы бірнеше бағытта жүйелі жұмыстар істеп жатыр. Мәселен, оның дәлелі – «Ұлы дала жорығы».
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны ең алғаш 2014 жылғы Қырғыз елінде өткізілді. Додада 19 елден 583 спортшы ғана бақ сынаған. Кейін бұған дүниежүзінің назары ауды. Өткен жылы Түркияның Изник қаласында өткен ІҮ дүниежүзілік көшпенділер ойынына Латын Америкалық елдерден бастап Жапонияға дейінгі аралықта әлемнің 102 елінен 3500 спортшы бақ сынаған.
Қордаланып тұрған мәселелерді шешу үшін депутат бірнеше ұсыныс айтты:
Сымбат ҒАЛЫМЖАН,
Azattyq Ruhy