Желге ұшқан миллиардтар: Ақтөбеде жаңа салынған веложолақ үгітіліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар кепіл мерзімі бітпей тұрып, кем-кетікті мердігерге түзетсін деп талап етуде

Фото: inbusiness.kz

Ақтөбелік велосипедшілер жаңа салынған жолақтың сапасына көңілі толмай отыр. Бір миллиардтан астам ақша бөлінген жобаның шикі тұсы көп. Тұрғындар кепіл мерзімі бітпей тұрып, кем-кетікті мердігерге түзетсін деп талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Былтыр ғана салған жолақтары үгітіліп жатыр. Үш жүз метрлік аумақты толайым ауыстыруды велобелсенділер сұраған едік. Оған құлақ аспады. «Беріктігі мықты болады. Он жылсыз ешқандай жөндеуді қажет етпейді» деген еді. Бірақ сапасы ол айтқан сөздерімен жанаспай тұр. Ең болмағанда, веложолақ белгісі де қойылмады. Бұл жермен арба сүйреген әйелдер де, жаяу жүргіншілер де жүреді. Тіпті автокөліктер басып өтеді», - дейді Юрий Куликов.

Ақтөбеде велосипед жолақтары осыдан екі жыл бұрын салына бастады. Сол уақыттан бері 17 шақырымға жуық жолақ төселген. Әкімдіктегілер қаланың орталық аудандарында жұрт велосипедпен еркін жүреді деп шешкен еді. Бірақ қос дөңгелекті көлікті тақымдағандар жүйткіп жүрмек түгілі, кедір-бұдыр жерден әрең қозғаламыз деп ашынады. Осы жобаға қазынадан 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. Соның қазір 800 миллиондайын игеріпті. Шененіктер тұрғындар айтқан ескертуді назарға аламыз деп ақталады. Құрылыс сапасына қатысты хаттама толтырып, мердігерге де тапсырыпты.

 «Біздің мемлекеттік мекемемізге Веложолақ сапасы бойынша шағымдар келіп түсті. Мердігер мекемеге хаттамамен тапсырма беріліп, сапасына қарай тиімді жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Ақтөбе ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.