«2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді»: Үкімет тіл саясатын қалай жетілдірек

Әсел Оршыбекова

2000 жылдары бекітілген терминдердің жартысына жуығы 20 жыл ішінде қайта жаңартылған

«2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді»: Үкімет тіл саясатын қалай жетілдірек
Коллаж: Azattyq Ruhy

30 жылдың ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, заты «мемлекеттік» бола алмады. Заң жобасы орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Осы күнге дейін қазақ тілінде тек екі заң жобасы әзірленіп, қабылданған. Атап айтсақ, Тілдер туралы, Көші-қон туралы заңдар ғана. Заңның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты сын-пікірлер халық арасында өте көп. Бұл туралы Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының біқатар депутаты Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту AMANAT партияcының сайлауалды бағдарламасында да маңызды орынға ие. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 3589 заң қабылданып, жұмыс істеп жатыр.

«Заң мәтініндегі олқылықтың бірі – заң терминінің бірізділігінің сақталмауы. Мемлекеттік тілдің аясындағы кешенді проблемалар қазақстандық құқық жүйесі кеңістігінде бір-бірімен сабақтасып, ұштасып соның салдарынан түйткілді мәселелер туындауда. Қазақ және орыс тілдері құрылымы тұрғысынан әр түрлі тілдік топтарға жатады. Заң шығару процесінде осы ерекшеліктер ескерілмесе, мәтіндердің мағыналары бұрмаланып мәні өзгереді. Бұл жоғарыда аталған сөзбе-сөз немесе калька аударманың әсері. Мұндай кемшілікке жол беруге әсте болмайды. Сондықтан бірінші кезекте заң жобасы қазақ тілінде талқыланып, қабылдануы керек», - делінген депутаттық сауалда.

2000 жылдарда бекітілген терминдердің жартысына жуығы 20 жыл ішінде қайта жаңартылған. Бір ғана мысал, «обращение» деген ұғым Конституцияда «өтініш» деп айқындалып, қолданыстағы барлық заңнамаларда солай көрініс тапқан. 2022 жылы Мемтерминком ол ұғымды жаңалап «жолданым» деп бекіткен. Сөйтіп, 2022жылы қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте, Конституциялық Сот туралы заңда «жолданым» термині енген.

«Мұндай өзгерістер бұрынғы қолданыстағы заңдардың мәтінімен мүлде бірізді, аутентикалы бола алмайды. Заң тілі нақтылықты қажет етеді. Мысалы, «постоянное местожительство» – «тұрғылықты жер», «тұрғылықты мекен»; «недвижимое имущество» – «жылжымайтын мүлік», «қозғалмайтын мүлік» деген баламалар Конституциядан бастап барлық қолданыстағы заңнамаларда кездеседі. Өздеріңіз көріп отырғандай, бір заңның ішінде бірізділік сақталып отырған жоқ. Туынды заңдарда да жағдай осылай. Заңтануда терминдік даралық сипат алған сөздер мен сөз тіркестерінің қызметі айқындалып, олардың заңдағы өрісі анықталып, тұрақтануы керек. Әрі қисыны келсін-келмесін халықаралық терминдерді қалайда қазақшалауға тырысқанымыз тағы бар. Аударма терминдердің сырын, болмысын аша отырып, қазақ тіліндегі заңнамалардағы жеке сөздер мен сөз тіркестерінің контекстегі қызметі мен жеке тұрғанда білдірер мағынасын жете түсінбей тұрып, бірден аудару салдарынан кетер кемшіліктерге, заңнама мәтініндегі бірізділікке қатысты олқылықтарға баса назар аудара келе қордаланған мәселені шешудің жолын іздестіру керек. Сондықтан біріншіден, қазақ тіліндегі барлық құқықтық нормативтік актілердің түп мәтініндегі терминологиялық қолданудағы бірізділікке ревизия жүргізу қажет. Екіншіден, мәнмәтіндік қолданыстың үйлесімділігін, сөйлемдердің ішіндегі түрлену ерекшеліктерін анықтау. Үшіншіден, істелген жұмыстардың нәтижесін сұрыптап, жүйелі анализден өткізу. Сондай-ақ атап айтар маңызды тұс, ревизия нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларда анықталған қордаланған сәйкессіздіктерді жоюдың бір реттік жолын қарастыру керек», - делінген депуаттық сауалда.

Өз кезегінде ел Үкіметі Ғылым және жоғары білім министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, конструктивті тіл саясатын іске асыруға бағытталған жұмысты әрі қарай жүргізетінін айтты. Нақтырақ айтқанда, «Министрлік Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын әзірледі. Тұжырымдама жобасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара көзделген.

«Министрлік бекітілген терминдерге мониторинг жүргізуде, нәтижелері бойынша терминдерді біріздендіру және өзекті емес терминдер мен ұғымдарды айналымнан алып тастау жөніндегі шаралар іске асырылуда. Қазіргі уақытта қазақ тіліндегі терминдерді жасақтау, оның ішінде шет тілдерінен енген терминдерді игеру бойынша бірқатар мәселе бар. Мамандардың пікірінше, шет тілінен енген терминдерді жаппай аудару қазақ тілін тез әрі тиімді оқытуға өз әсерін тигізеді. Сондықтан олардың баламасы болған жағдайда ғана қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ міндетті сипаттағы нормативтік терминологиялық сөздіктерді шығару мәселесі пысықталуда. Бұл сөздіктер бірінші кезеңде (болжам бойынша 2026 – 2027 ж.ж.) министрлік жанындағы Республикалық терминология комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) бекіткен терминдер негізінде әзірленетін болады. Комиссия туралы ережеге сәйкес салалық терминологияны дамыту және терминдерінің сапасын арттыру мақсатында Министрлік құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ғалымдар тартылатын салалық терминологиялық секциялар құру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл шара Комиссия бекітетін терминдердің сапасын арттыруға ықпал ететін болады. Терминологиялық секциялар кейіннен нормативтік терминологиялық сөздіктерді әзірлеу бойынша жұмысқа да тартылады. Министрлік мектеп терминологиясын дамыту, ресми құжаттардың стилистикасын жетілдіру, оқыту тіліне қарамастан жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Кәсіби қазақ тілі» пәнін енгізу, сондай-ақ қазақ тілінің ғылыми, ресми-іскерлік стильдерін дамыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін пысықтауда. Жалпы, аталған бағыттағы жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған және заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілетін Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында көзделген», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Үкіметтің жауабаына көз жүгіртсек, бұдан басқа, нормативтік құқықтық актілердің (бұдан әрі – НҚА) қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін әзірлеудің сапасы мен түпнұсқалылығын қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатының тұжырымдамасында, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында көрсетілген және оларда мынадай іс-шаралар көзделген:

  • қазақ және орыс тілдеріндегі НҚА мәтіндерінің мағыналық сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық базаға толығымен терең тексеру жүргізу (мерзімі – 2023 жылғы II тоқсан);
  • НҚА жобаларын орыс тіліне аударуды қамтамасыз ете отырып, оларды қазақ тілінде әзірлеу міндетін кезең-кезеңімен заңнамалық бекіту (мерзімі - 2024 жылғы наурыз).

«Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметін бюрократиядан арылту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп міндетті түрде лингвистикалық сараптама жасай отырып нормаларды «артық регламенттеуді болдырмау» тұрғысынан заңдарға ревизия жүргізуде. Бұл жұмыстар да заң мәтіндерінің теңтүпнұсқалығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бірі. Бұл ретте «артық регламенттеуді болдырмау» мәніне ревизия жүргізу көзделмеген НҚА (жекелеген заңдар мен заңға тәуелді актілер) олардың жобалары мемлекеттік органдардың норма шығару қызметі барысында лингвистикалық сараптамаға түскен кезде қаралады», - делінген Үкіметтің жауабында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.