Елімізде жыл сайын туылатын балалардың 1 пайыздайы шетінейді екен
Бала өлімі Қазақстанның демографиялық әлеуетіне кері әсерін тигізуде. Тек 2018 жылы ғана елімізде 3,2 мың сәби шетінеді деп жазады Energyprom.kz.
Ал, денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаражат жыл сайын артып, соңғы жылы 26 пайызға өсіп, 122 млрд теңгені құраған.
UNICEF ұйымының балалар денсаулығына қатысты биыл әзірлеген баяндамасында әлемдегі әрбір үшінші сәбидің (5 жасқа дейінгі) дұрыс тамақтанбайтыны жазылған. Яғни, 200 млн баланың біразы тойып тамақ жей алмаса, қалғаны артық салмақтан зардап шегіп отыр. Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанбаған баланың ойлау қабілеті ойдағыдай дамымайды, иммунитеті әлсіреп, түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін.
Бала өлімі тек Қазақстанның басауруы емес дейді мамандар. Мәселен, 2018 жылы Үндістанда 5 жасқа толмаған 882 мың сәби шетінепті. Сондай-ақ, былтыр Нигерияда – 866 мың, Пәкстанда 409 мың бала көз жұмған.
Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бала өлімі жағынан көшті Ресей бастап тұр (13 мың сәби шетінеген). Тізімнің екінші сатысында – Қазақстан (4 мың), үшінші – Қырғызстан (3 мың), төртінші – Армения (1 мың) және бесінші сатысында Беларусь (1 мыңға жетпейді) орналасқан.
Балалардың дұрыс тамақтанбауы Қазақстанда да айтарлықтай басауруға айналып отыр. Біздің елдегі әрбір оныншы балада (5 жасқа толмаған) артық салмақ бар. Ал, 2 жасқа толмаған балалардың 21 пайызы мүлдем жеміс-жидек жей алмайды.
Елімізде бала өлімінің көрсеткіші (1 жасқа дейінгі) 0,2 пайызға өсіп, 3,2 мыңды құрады. Мамандардың айтуынша, өлімнің 51,2%-ы жүктілік кезіндегі проблемалардан болады, 19,8%-ы туа бітті аурулардан, 6,2%-ы тыныс алу жолдарындағы ақаудан, 4,8%-ы қайғылы жағдайлар, улану және жарақат алу, 4,7% - жұқпалы аурулардан және 1%-ы ас қорыту органдарының ауруларынан болады.
Қазақстанда ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп отырады. Алайда, соған қарамастан бала өлімі азаймай отыр. Соңғы 5 жылда (әр жыл сайын) туылған балалардың шамамен 1 пайыздайы шетінейді екен. Бұл мемлекеттің демографиясына айтарлықтай зиянын келтіріп отыр. Өйткені, Қазақстанда осы кезең аралығында туу жағынан өсім болмаған.