Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды
11 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі проблемалар қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Отырыс барысында елдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтуға қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Жиынның күн тәртібіне сәйкес Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин сөз сөйледі. Сондай-ақ қабылданған және жоспарланған шаралар туралы бірқатар уәкілетті мемлекеттік орган басшылары есеп берді.
Талқылау нәтижесі бойынша Мемлекет басшысы халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін негізгі басымдық ретінде атап өтті.
Азық-түлік тауарларын өндіру мен сатудың барлық сатысында баға белгілеудің ашық болуы, өнімсіз делдалдармен күрес жүргізудің маңызды екеніне назар аударылды.
Демографиялық үрдістерді ескере отырып, азық-түліктің физикалық тұрғыда қолжетімділігінің перспективалары еңбек өнімділігінің өсуіне, ауыл шаруашылығы мен отандық аграрлық ғылымның жаңғыруына тікелей байланысты екені атап өтілді.
Жерді тозудан қорғау шараларын жандандыру өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту процесін жүйелі түрде ұйымдастыру және жергілікті жағдайға бейімделген меншікті тұқым қорын құру үшін жаңа тәсілдер қажет.
Ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.
«Субсидиялау агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділікті арттыруға ықпал етуге тиіс. Субсидияны бөлу кезінде өңірлік ерекшеліктерді, егіс алқаптарының көлемін және ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауды ескерген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысатын шаруалар мен кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуді талап ететін экономикалық конъюнктураны өзгертуге жедел назар аудару қажеттігіне назар аударды.
Ауыл шаруашылығы өндірісіне инфрақұрылым тұрғысынан қолдау көрсету ісі (ауылда жұмыс орнын ашу, фитосанитариялық және ветеринариялық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру) арнайы мәселе ретінде қарастырылды.
Бұл ретте құқық қорғау органдарына ауыл шаруашылығы мақсатына арналған субсидиялар мен жерлерді бөлу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.
Мемлекет басшысы жиын соңында Үкімет пен уәкілетті органдарға азық-түлік тәуелсіздігін нығайту, азық-түліктің экономикалық тұрғыда қолжетімді болуын арттыру және отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін анағұрлым толық іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.