Алматыда коронавирус жұқтырған сәбидің жағдайы жақсарды

Автор: Azattyq Rýhy

2 жасар бала туыстарымен бірге Еуропадан келген

Алматылық дәрігерлер коронавирус жұқтырған кішкентай сәбидің жағдайы жақсарғанын айтты. Ол толық айыққаннан кейін ғана ауруханадан шығады.

Бұған дейін Алматыда 2 жасар сәбидің коронавирус жұқтырғаны хабарланған болатын. Ол Еуропадан ұшып келген ұшақтардың бірінде болған. Алғашында дәрігерлер баланың жағдайы орташа ауыр екенін айтқан еді. Қазір бүлдіршін аты жаман ауруды жеңуге жақын қалды дейді олар.

«Егер қосымша анализдердің нәтижесі теріс болып шықса, біз баланы үйге жібереміз», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Айта кетейік, Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 31 наурызға дейінгі мәлімет бойынша 82 адамға жетті. 7 науқас ауруынан айығып кеткен.