Елімізде электронды темекіге толық тыйым салынуы мүмкін
Соңғы 6 айда еліміздегі вейп сатылымы 372 пайызға өскен. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов еске салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысына сүйенетін болсақ, электронды темекінің түтіні шықпағанмен, буының құрамында химиялық заттар өте көп. Вейпинг артериялық қысымның артуына ықпал етеді, миокард пен инсульттің даму қаупін арттырады. Электронды темекіні қолданумен байланысты өкпенің зақымдануы 2020 жылы тіркелді. Темекенің осы түрін қолдануға әлемнің 35 елінде қатаң тыйым салынған. Электронди темекідегі никотин жас баланың миына 8 секундта әсер етіп, оның тамырын тарылтып, жүрегіне ауыртпалық түсіреді. 2018 жылы мектеп оқушыларының мінез-құлығын зерттеу нәтижесінде қазақстандық ұл балалардың 14 пайызы және 15 жастағы қыздардың 6 пайызы вейп қолданып көргені анықталды. Ал орта есеппен 15 жасқа дейінгі балалар арасында оны тұтыну 6,2 пайызға тең. Бұл зиянды зат қазір әр мектептің бұрышында дүкенде түр-түрімен ашық сатылымда тұр», - деді депутат.
Дәулет Тұрлыханов AMANAT фракциясының бір топ депутаттары вейпқа тыйым салу бойынша арнайы заң нормаларЫН әзірлеп, нақты позицияны жеткізгенін, алайда Үкімет әлі де үнсіз екенін еске салды.
«Ұлттық саулығынан, баланың денсаулығынан асқан байлық бар ма? Оны толық тоқтатуға не кедергі?» - деп сұрады депутат.
Сауалға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жауап берді.
«Осы вейпті біздің елімізде толық айналымын тыйым салу жөнінде депутаттардың заңға өзгерістер қаралды. Қазір толық қолдау тауып отыр. 2-3 аптаның ішінде Үкімет қорытындысын береді», - деді Ажар Ғиният.