$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2023, 15:09
Қоғам

«Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды»: депутат министрліктер жұмысын сынға алды

Елнұр Бейсенбаев әр министрлік тұрғындар мәселесі бойынша арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет екенін айтты

«Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды»: депутат министрліктер жұмысын сынға алды

«Қазір ел арасында әкім, не министрді емес, депутатты іздейтін шаққа келдік. Халық қалаулылары әрбір азаматтың мұңын тыңдап, мәселесін нақты көтереді». Осылай деген депутат, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің «сұрақ-жауап» түрінде өткен жалпы отырысында министрлердің берген уәдесі сөз жүзінде қалып жататынын сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бүгін 30-дан астам сұрақ қойып үлгердік. Бірақ бұл 30 сұрақтың артында, 30 мың жүйелі мәселе, түйінін таппай келе жатқан мыңдаған проблема мен кемі 3 миллион адамның тағдыры жатыр. Қажет болса, мемлекеттік органның жұмысын жасап, келген шағым-арызына жүйелі жауап береді. Бүгінде Мәжілістің жанында «Қоғамдық қабылдау» жұмыс істеуде. Депутаттар күнделікті ең кемі 20 адамның мәселесімен танысып, жеке қабылдау өткізеді. Халықтың мұң-мұқтажын көтеру, өңірдің мәселесін айтудан депутаттар тайынбас. Бұл өзгермейтін – аксиома. Үкімет мүшелері осыны нақты білуі тиіс. Дегенмен Үкіметтің кейбір мүшелері, министрліктер әлі де жұмысын жүйелендіре алмай келе жатқанын көріп отырмыз. Сұраққа жауаптары жүйелі болуы мүмкін, бірақ артында маңызды шешім жоқ. Шешім болса, оны қабылдайтын мінез жоқ», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Ол ондаған жылдардан бері салынып жатқан Атырау – Астрахан, Омбы – Майқапшағай, Астана – Алматы тасжолдарын мысалға келтірді.

«Президенттің өзі осыдан 2,5 жыл бұрын Үкіметке Астана – Алматы трассасын 2023 жылы аяқтау қажеттігін тапсырды. Астана – Алматы жолын салу үшін 5 жылда жарты триллион қаржы жұмсадық. Биыл бұл маңызды та жолы аяқталады ма, әрине, аяқталмайды. Президенттің тапсырмасы орындалмады», - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ Елнұр Бейсенбаев медициналық міндетті сақтандыру мәселесіне тоқталды.

«Бұл – жыры мен сыры бітпейтін жоба болды. 3,5 миллион азамат әлі де мүлдем тіркелмеген, тіркелсе жарна төлемеген. Соның салдарынан триллион теңге түсім болмаған. Ауылда сапалы маман жоқ, фельдшерлерді таситын көлік жоқ. Емханалардың қарыздары миллиардтап өсіп келеді. Қарапайым халық, ақылы қызметтерге жүгінуге мәжбүр. Шындықты елге айту керек, МӘМС жүйесі өзін ақтамады деп. Елді шулата бермей, түбегейлі реформа қажет деп ойлаймыз», - деді депутат.

Дупатат сонымен қатар мемлекеттік сатып алудағы проблемаларға тоқталып өтті.

«Мемлекеттік сатып алудың қоғамның дертіне айналғаны анық. Бір объект үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес. Халық нәтиже күтеді. Ал, Үкіметке процедуралары маңызды. Меніңше, бұл жүйе – мемлекеттік органдардың коллективтік жауапсыздығына алып келгендей көрінеді...  Соның салдарынан құрылыс аяқталмайды, мыңдаған бала мектепке бара алмайды, тұрғындар ем-домын ала алмайды, спорттық нысандар тұралап, жол жөнделмейді», - деді ол.

Ол еліміз бойынша 7 өңірде 9 ТЭЦ-тің іске қосылуы бойынша қауіп-қатерлер бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, жылыту маусымы кешеден бері басталса да, еліміздің батыс пен оңтүстік өңірлерін айтпаған да, шықырлаған қысы бар – Екібастұз, Риддер, Теміртаудың ТЭЦ-тері әлі толық іске қосылмаған. Бір жерде қазандық салынып бітпесе, бірінде құрылыс аяқталуы үшін керек-жабдықтар әлі жеткізілмеген.

«Әріптестерім айтқандай, халқымыз жаурап қалса, «AMANAT» партиясы мыңдаған жылытқыш апарады деп күтіп отырсыздар ма?!» - деп сауал қойды депутат.

Ол биылдан бастап Президенттің қолдауымен бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанып отырғанын айтты.

«1,5 миллион баланы нақты қолдау деген осы. Дегенмен келер жылы бұл мәселені жергілікті бюджет арқылы шешу жоспарлаған. Біле білсеңіздер, еліміздің 17 облысы дотациялық өңірлер. Оның ішінде, балалардың тегін тамақтануына – Түркістан өңірінде 19 млрд., Жамбыл мен Қостанай облыстарына 12 млрд-тан астам қаржы керек, яғни жергілікті бюджеттің қомақты бөлігі тамақтануға кетеді. Меніңше, осы мәселені Үкімет әлі де жан-жақты пысықтауы керек. Бұл мәселені әкімдікке ысыра салу жарамас. Қаңтар басында балалар тамақсыз қалып, елді шулатып алмайық», - деп ескертті халық қалаулысы.

Оның айтуынша, өңірдегі бірінші қойылатын сұрақ – қымбатшылық. Өкінішке қарай, ел азаматтарының әл-ауқаты төмендеп бара жатқаны анық байқалады.

«Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді осы орнаған жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Мысалы, кеше ғана ұнның бір қабы бірден 5-6 мың теңгеге қымбаттауы ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреуде.Егін егеміз, миллиондаған тонна бидай орамыз, ал нәтижесінде ұн қымбат. Бұл бір ғана мысал», - деп атап өтті депутат.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі көтерген тағы бір мәселе – «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген қаржы уақытылы игерілмей тұр.

«Әріптестерім көтергендей, 100 млрд теңгенің тек жартысы ғана шаруалардың қолына жетті. Меніңше жұмысты үйлестіруде әкімдіктер солқылдақтық танытып отыр. Ал бұл өз кезегінде майда шаруалардың дамуына жол бермеумен пара-пар. Дегенмен Тамара Қасымқызы сіздің бастамаңызбен Үкімет жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылды. Біздің ұсыныстар қарастырылып жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Осы жұмысты бірге пысықтап, аталған қаражатты дер кезінде адал шаруаларға үйлестіруміз керек. Бұл ертең әрбір ауыл тұрғынының жағдайын түзеуге үлкен септігін тигізеді», - деді Е. Бейсенбаев.

Ол депутаттардың барлық мәселеден хабардар екенін, елмен етене араласып, әрбір проблеманы шешу үшін жұмыс істейтінін еске салды.

«Бүгінгі ел тұрғындарының мәселесін талқылаудан қорытынды шығарып, әрбір министрлік өзіне тиесілі жүйелі сұрақтарға арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет деп ойлаймыз. Әдемі сөз бен жаттанды жауаптарға халық тойды. Сөзбен емес, іспен дәлелдейік, әріптестер», - деді ол министрлерге қарата.

Серіктес жаңалықтары