Депутаттың сөзінше, лудомандарды емдеуге бір жылда 140 млрд теңге кетеді
Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынға салынған. Ал жастарды құмар ойынға, азғындыққа шақыратын жарнамалар көпқабатты үйлердің қасбетіне дейін шығып кеткен. Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев құмар ойынның жарнамасына шектеу салуды сұрап, жауапты министрлерге сауал жолдады. Депутаттың сөзінше, лукдомания дертіне шалдығып, бәс тігетін адамдар саны 40 есеге дейін көбейіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Лудомания қазір ғасыр дертіне айналды. Құмар ойынның құлқыны қандай десеңіз санамалап айтайын, қазір елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейді деген дерек алдық. Ол ол ма, букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан 174 мың отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен деген ақпарат және келді. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Дерек керек болса айтайын, өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген ақпарат келді. Құмар ойын бір адамның өмірін талқан етумен тоқтамайды, оған дәлел елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан», - деді депутат.
Лудомания дертінен 1 адамды емдеуге кемі 500 мың теңге кетеді, оны 5 ай емдеу керек. Құмар ойыншыға ем қонса, қонбаған жағдайда қаражат далаға кетеді. Тіптен елімізде лудоманиядан емдейтін жеке клиникалардың көбінде арнайы лицензия жоқ.
«Мұнымен қайтіп күресеміз? Кеңсесін жапқан букмекерлер сайт боп сойқан салып жатқанын күнде көреміз. Қоғамдық көлік, тұрғын үйлердің қасбеті құдды бір құмар ойынның жарнамасына жаралғандай жалбырап тұр. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қауіпсіздік кеңесінің бір отырысы осы тақырыпқа арналды. Биліктің енді нені күтіп отырғаны беймәлім? Былтыр «АMANAT» партиясының депутаттары лудомания дертіне қарсы Заң жобасын дайындады. 50-ден астам түзету бар, Үкіметтің қарауына жіберілді. Арада бір жыл өтті, бірақ АРВ әлі дайын емес. Билік кімнің қас-қабағын бағып отыр? Және құмар ойын құрбандары жөніндегі ең соңғы нақты деректер қандай?», - деді сауал жолдаған Нартай Аралбайұлы.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға аталған жағдайдың өте күрделі екенін, бұл жайында әлі де талас-тартыс жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше құмар ойын, бәс тігу бизнесін ретету туралы жұмыстар жасалып жатыр.
«Өзекті мәселе. Құмар ойын, ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ол заң қазіргі замандағы өзгеріcтсерге жауап бере алмайды. Жарнамаға қарсы шектеу жоқ. Осыған қатысты ұсыныстарды құзыретті органдармен бірге қарап шықтым, 16 шектеу бар. Ұлттық экономика министрілігмен бірге қарап, сегізін бітірдік, қалған сегізін келесі айда бітіреміз. Шетелдіктердің тәжірибесін де зерттедік, оларда ойын тәртібі бар екен. Шетелдік тәжірибеде бірде бір құмар ойын туралы жарнама болмау керек. Букмекерлік конторалар отырған жерлерде ғана жарнама тұрады. Бәс тігетін бұл саладағылардың жұмыстарында да көлеңкелі экономика бар. Қаржы министрлігімен бірігіп түзетулер жасалады. Бизнес өкілдерімен келісу қиындау болды. Бірақ Ұлттық экономика министрілігі де жұмыс істеп жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.
Депутаттың сөзінше, бәс тігу бизнесімен айналысатындар төлеп жатқан салықты көлденең тартады. Бірақ салықтан қарағанда, ауру адамдарды емдеуге қаржы әлдеқайда көп жұмсалады.
«Сондықтан құмар ойын деген сұмдықты шектейміз демей түгелімен тоқтатып, тамырына балта шабу керек! 109 млрд теңге салық төлейді құман ойын ұйымдастырушылар. Ал лудомандарды емдеуге бір жылда 140 млрд теңге кетеді шамамен. Айтпақшы, қазір Ұлттық спорт алаңдарына, көкпар мен бәйгеге тотализатор еніп жатыр. Бейресми көбіне. Бұл не сұмдық? Ұлтымызды сақтаймыз деп жүріп ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болды? Бұл кімнің бастамасы? Осы сауалдарға нақты жауап беріңіздер», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың сөзінше, бұл сала бойынша салықты көтеру туралы жұмыстар қарастырылып жатыр.