«Жақсы өмірден емес»: дәрігерлер не себепті науқасты нақты бір дәріханаға бағыттайды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрі жауап берді.

Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжановтың айтуынша, дәрігерлер өз науқастарын белгілі бір дәріханаға немесе медициналық орталыққа бағыттайды, мұндай тәжірибе әлі де бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мен бұл заңға қайшы келеді деп айтпаймын. Алайда бұл маңызды мәселе, оны шешу керек. Мүмкін ақша жетіспейтін шығар. Ең алдымен, бұл жалпы медицина саласының имиджіне, дәрігерлердің имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Адамдар шағымы көп. Сіз онымен қалай күресуге ниеттісіз?» - деп сұрады депутат.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұл тәжірибеге дәрігерлер «жақсы өмірден» бармайтынын айтты.

«Соңғы жылдары жалақы айтарлықтай өсуде. Медициналық ұйымның әрбір басшысына біз әрқашан «имиджді қадағалаңыз, заңмен тыйым салынады, бұл қылмыс» деп еске салып отырамыз. Ал «мұндай тәжірибені істеп жүрген дәрігерді тиісті органдарға жібере аласыз» деп айтамыз. Бұл жұмысты әрбір басшы әрбір медициналық ұйымда да жүргізуі тиіс», - деп түйіндеді министр.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесінде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жемқорлық мәселесі барын айтты. Депутат жемқорлықпен жүйелі түрде күреспесе, мемлекеттік саясаттың бәрі құрдымға кететінін ескертті. Мәселен, 2023 жылы денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге бөлінген. Депутат Бақытжан Базарбек 1 трлн теңгенің қайда жұмсалғаны жайлы Денсаулық сақтау министрі әлі күнге дейін есеп бермегенін айтты.

«1 трлн теңге қайда кетті? Қалтаға түсті ме? Кімнің қалтасына түсті? Оның қайда кеткенін біз біле алмай жүрміз. Біз мәселені жемқорлықтан бастауымыз керек. Жемқор арамызда отырған шығар», - деді депутат.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН