Еліміздегі әрбір бала өзінің толық қорғалатынын сезінуі тиіс - Бала құқықтары жөніндегі уәкіл

Автор: Azattyq Rýhy

Динара Зәкиева ата-аналар тарапынан күніне ондаған өтініштер келіп түсетінін айтты

Бүгін педагогтар съезінде Мемлекет басшысы мектептердегі буллинг және қауіпсіздік мәселесіне, балалар арасындағы қылмыстар мен зорлық-зомбылыққа ерекше назар аударды, сондай-ақ тиісті органдарға қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Ендігі ретте Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және мемлекеттік органдар үшін де ең басты міндет – еліміздегі әрбір бала өзінің толық қорғалатынын сезінетіндей жағдай жасау. Бұл туралы Балалар омбудсмені Динара Зәкиева өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазіргі таңда балалар арасында күніне орта есеппен 5, ал балаларға қатысты 6 қылмыстық іс орын алуда. Президент балаларға қатысты барлық жағдайлар бойынша есеп беріп отыруды тапсырды. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен және «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарымен бірлесіп, балаларға қатысты қылмыстардың барлық түрлері бойынша жазаны қатаңдату аясында 50-ден астам түзету, сондай-ақ әлеуметтік алдын алу шаралары көзделетін балаларға қатысты қауіпсіздік және зорлық-зомбылық жөніндегі заң жобасы әзірледі. Сонымен қатар, алдағы екі жыл ішінде мектептерде буллинг және суицидтің алдын алуда әлемдегі ең үздік бағдарламалардың бірін (ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, бейімделген) енгізу және өңірлерде балаларға психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашу мақсатында білім Министрлігімен жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз», - деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Сондай-ақ ол балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жолының бірі - балаларды спортпен және қосымша біліммен қамту болып табылатынын атап өтіп, әсіресе ауылдық жерлерде жұмысты күшейтетінін мәлімдеді. Өйткені, 2247 ауылда балалар спортпен қамтылмаған (балалардың 44%-ы ауылдық жерлерде тұрады).

«Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасы бойынша қазір 50 мемлекеттік лагерь, 100 қосымша білім беру нысандарының құрылысын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кеше Президент Астана қаласындағы жаңа Оқушылар сарайында болды. Бұған қоса, Шымкент қаласында 700 орындық, Алматы қаласында 1250 орындық инновациялық шығармашылық орталығы және т.б. нысандар ашылды. Сонымен қатар, біз «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АА қолдауымен ауылдарда жылдам салынатын спорт орталықтарын ашу бойынша жұмысты бастадық», - делінген жазбада.

Бұдан бөлек, Динара Зәкиева ата-аналар тарапынан келіп түсетін өтініштерге де тоқталды.

«Бізге күніне ондаған өтініш келіп түседі, онда ата-аналар әділеттілікке қол жеткізуді сұрайды. Мысалы, біз бүгін ұзақ уақыттық процедуралардан кейін Ақтөбе мектебіндегі баланың зорлық-зомбылығы мәселесі бойынша қылмыстық істі қайта бастауға қол жеткіздік. Ел Президенті Қ.Қ. Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мәселесіне қолдау көрсетіп, барлық қажетті тапсырмаларды беріп, ерекше көңіл бөлуде. Енді біз үшін де, мемлекеттік органдар үшін де ең бастысы – барлық тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру және балаларды қорғауда әрқашан бір принципте болып, әрбір бала біздің елімізде өзінің толық қорғалатынын сезінентін алаңсыз күнге жету», - деп жазды Зәкиева.