«Хабар 24» тілшісі сүйіктісіне кезекті жаңалықтардың тікелей эфирінде үйленуге ұсыныс жасады
Журналист Марк Брюшко Нұр-Сұлтан маңындағы Жібек жолы блок-бекетінінен ақпарат таратып, полициямен сұхбат жасайды. Одан кейін күтпеген жерден өзінің жеке өмірі жайында сөз етеді.
«Егер рұқсат етсеңіздер, өз өмірім жайында айтсам деймін. Мен елордада тұрамын, осында жұмыс істеймін. Қарағанды қаласын, менің туған жерім Абай ауылын да карантинге жауып тастады. Үйіме бара алмаймын. Үйде болмағаныма, жақындарымды көрмегеніме бір айдан асты. Қарағандыда сүйікті қызым қалды. Ол да журналист, ол да сырттан хабар таратады. Мен оның денсаулығы үшін алаңдаймын. Осы наурыз айында оған ұсыныс жасауым керек еді. Енді тек бірнеше айдан кейін көрісетін шығармыз. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, айтып қалғым келеді. Юлия, қазір мені эфирден көріп отырғаныңды білемін. Маған тұрмысқа шықшы. Жауабыңды эфирден кейін күтемін. Телефонмен жауап берші», - дейді ол сақинасын көрсетіп.
Айта кетсек, кеше Қарағанды қаласын, оның маңындағы бірнеше шағын қалаларды карантинге жапты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласы аумағында карантин режимі күшейтілді. Қазір Қазақстанда көпшілік жоспарлаған тойын, басқа да атаулы отбасылық мерекелерін кейінге қалдырып жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан