$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп жатыр – сарапшы

Ол Жолдаудағы білім саласына қатысты түйіткілді мәселелерді көтерді

Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп жатыр – сарапшы

Мектепке дейінгі, бастауыш және қоғамдық-гуманитарлық оқу басылымдарын сараптау бөлімінің басшысы Ләззат Байымбетова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.

«Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында еліміздің барлық саласына қатысты өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Оның ішінде, білім саласы бойынша,  атап айтсақ: кемінде үш жоғары оқу орнында жасанды интеллект саласына қажетті кадрларды даярлау және зерттеулер жүргізу, аймақтағы жоғары орындарында біртұтас инновациялық экожүйе құру, балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру, бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары, білім берудің цифрлы ресурстардың тегін әрі қолжетімді болуы сияқты мәселелерді атап өтті», - деді Ләззат Байымбетова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп жатыр. Осыған байланысты жоғары көтерілген реформалардың жан-жақты орындалуы аса өзекті. 

«Әр бала – мемлекеттің болашағы мен байлығы. Қазіргі өмірімізде балаларға келер қауіптің бірнеше себебі бар. Сыртқы күштердің әсері, террористік сипаттағы оқиғалар, табиғат апаты, психологиялық қысымнан зардап шегу, өз-өзіне қол жұмсау, бұзақылық пен қылмыс – балалар арасында белең алып барады. Бұлардың соңы қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Әлеуметтік желіде балалардың өз-өзіне қол салуы, сыныптастарынан таяқ жеуі сияқты ақпараттар ашық жарияланып кетті. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Бала туғанынан бастап қамқорлықты өз отбасында көру керек. Әрі қарай әлеуметтік ортаға шыққанда да, балабақша, мектеп, колледж, ЖОО қорғауында болуы тиіс», - деді Байымбетова.

Оның айтуынша, осы мәселе де Президенттің Жолдауында ерекше аталып өтті.

«Президент өз сөзінде  «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деген мақсат қойып және  білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек екенін атап өтті. Білім беру мекемелерінде оқу-тәрбие процесінде де  осы мәселеге аса назар аударылуы тиіс және ата-ана – мұғалім – мектеп арасында тығыз байланыс орнатылуы қажет. Мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту қажет», - деді сарапшы.

Маманның айтуынша, 2021 жылдан бастап  білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында педагогтер балалар қауіпсіздігі бойынша жаттықтырушыларды дайындау бағдарламасы негізінде оқыту курсынан өтуде.

«Курстан өткен педагогтер қауіпсіздік бойынша мектеп жаттықтырушылары ретінде жұмыстарын жүзеге асыруда. «Жеке қауіпсіздік» курсы оқушыларды қорқыныштан арылту, психологиялық қысымнан құтқару мақсатында өткізіледі. Ал тәжірибелік жаттығулар, қандай да бір жағдай болса, оған тойтарыс беруге, оқушылардың өз-өзіне деген сенімділік дағдыларын қалыптастыруға және қиын жағдайда өз өмірін сақтап қалуға көмектеседі»,- деді ол.

Ләззат Байымбетова атағандай, «Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» делінді Президент жолдауында.

«Әрине, еңбек нарығындағы ауқымды өзгерістер бағытында да білім саласында да өз кезегінде қажетті өзгерістер болуы қажет, ол заңды. Білім мен ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемде өмір сүруге дайын болуымыз тиіс», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары