44 жыл бойы құжатсыз жүрген Абай облысының тұрғыны алғаш рет жеке куәлік алды
Ол ұзақ жылдар бойы ол кеңестік қызыл паспортпен жүрген
Абай облысында 44 жылдан бері құжатсыз жүрген тұрғын алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көкпекті ауданының полиция бөліміне 44 жылдан құжатсыз өмір сүріп жүрген 62 жастағы тұрғын жүгінді. Ол аудан орталығынан алыс мекенде тұратындықтан, сондай-ақ аса қажеттілік болмағандықтан жеке басын куәландыратын құжаттарын алмаған.
«Ұзақ жыл бойы ол кеңестік қызыл паспортпен өмір сүрген, 90-жылдары полицияға жүгініп, рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімін алған. Қажетті анықтамаларды жинап жатқанда, төлқұжатын да жоғалтқан. Биыл әйел зейнеткерлікке шығуы керек болғандықтан, қайтадан полицияға хабарласып, қысқа мерзімде жеке куәлік алды», - делінген хабарламада.
Полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының қызметкерлері оған жеке басын куәландыратын құжатты рәсімдеуге көмектесті.
«Енді аудан тұрғыны әлеуметтік және медициналық қызметтерді еш қиындықсыз ала алады және зейнеткерлікке шыға алады. Жеке куәлікке қол жеткізген аудан тұрғыны қуанып, тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі», - делінген хабарламада.