СҚО-да ауыл мұғалімі мен оқушылар қайырымдылық дүкенін ашты
Аудан тұрғындары бутиктен киім-кешекті тегін алады

Ғалия Алинова Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы №2 Кішкенекөл орта мектебінде 1996 жылдан бері өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Ол бастапқыда мектепке тәлімгер болып кіргенін айтады. Кейін еңбек пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай колледж бен университет тәмамдаған.
«Соңғы 10 жылда өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болдым. Профориентатор мен еңбек пәнінің мұғалімі болып істедім. Бұл жолды балалармен жұмыс істеу ұнағандықтан таңдадым», - дейді ұстаз.
Оның айтуынша, мұғалімдер қоғамдық өмірде де үлкен рөл ойнайды.
«Себебі мұғалімдерді зиялы қауым өкілдері деп айтамыз. Менің партиялық жұмысым да маған үлкен көмек болды. Мектепте 500-ден астам оқушы болса, олардың ата-аналарының бәрін танимын. Партиялық насихаттау кезінде олардың да маған құлақ түрген кездері болған. Сондықтан қоғамдық жұмыстар маған оңайға тиеді», – деді ол.
Ғалия Шекенбайқызының бастамасымен «Ару» сауда үйінде қайырымдылық бутигі ашылды, тұрғындар ол жерден қажетті киім-кешек ала алады.
«Бұл қайырымдылықты алдымен балалармен бірігіп бастаған едік. Киімдерді жинап, бутикке орналастырдық. Балаларға мейірімділік пен жақсылық жасауды үйретеміз деген ниет болды. Ол жанданып, жалғасын тапты. Киімдер таратылып кетсе, орнына жаңасын әкеліп, жұмыс тоқтамай тұр. Адамдар киімдерін алып келеді. Біз оны адамдарға ыңғайлы етіп, қоямыз. Жеке кәсіпкерлер де бізге қолғабыс көрсетеді. Барлығы тегін алады. Ішіктен тон, ойыншық пен ыдыс-аяққа дейін тұрды. Мұқтаж адамдар қалағанын келіп алуға мүмкіндік алды. Мұндай жақсылық жасау адамды шабыттандырады», - деді ол.
2021 жылдың 9 қарашасында қайырымдылық бутигінің ресми ашылуы өткен. Іс жүзінде ол екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде аудан тұрғындарының көпшілігі оның қызметін пайдаланған. Бұл – мұқтаж жандарға үлкен көмек
Бастапқыда қайырымдылық бутигін ашу идеясын Ғалия Алинова «AMANAT» партиясының Уәлиханов аудандық филиалының төрағасы Маржан Латыповаға жеткізген. Оның тікелей қолдауымен «Нұр» көтерме-бөлшек сауда желісінің басшысы Рашида Темірбекова бутикке арналған үй-жайды өтеусіз негізде ұсынды.
Сондай-ақ Ғалия Алинова мектепте шахматтан үйірме өткізеді.
«Ұжым мен оқушылар менің отбасым сияқты. Үйірмеде 40-тан астам оқушы бар. Біз облыс деңгейіндегі байқаудан 2-орын алдық. Аудандағы жарыстарда жеңімпаз атанып жүр», - деді ол.
Ғалия Шекенбайқызы бірнеше рет ҚР Президентінің, партияның орталық аппаратының сайлау компаниясы кезеңіндегі белсенді жұмысы үшін алғысхаттарымен, аудан басшылығының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Еске салсақ, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында оқушылар бойында құндылықтарды қалыптастыру мақсатында «Ұлттық тәрбие – Ұлт болашағы» тәрбие тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Тұжырымдама білім беру ұйымдарындағы тәрбие қызметінің салауатты өмір салтын тәрбиелеу, зияткерлік тәрбие, антибуллинг мәдениетін тәрбиелеу, ұлттық тәрбие, экологиялық тәрбие, азаматтық сананы тәрбиелеу және мансап таңдау саласындағы тәрбиені қамту көзделген.