«Жауапкершіліктің артында үлкен нәтиже жатыр»: 30 жыл еңбек өтілі бар ұстаз тәжірибесімен бөлісті
Ол осы саладағы реформалар жайлы да айтып берді

Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры Айгүл Мұсабаева 30 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Ол өзінің еңбек жолындағы тәжірибесі мен елдегі реформалар жайлы айтып берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Еңбек жолыма тоқталатын болсам, 30 жылдан астам еңбек тәжірибем бар. Орта білім саласына кейінгі 10 жылда келдім. Оған дейін 20 жыл уақыт бойы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде сабақ бердім. Еңбек жолымды да осы университеттен бастадым. Елдегі саясат пен мемлекеттің алдағы мақсат-міндеті орта білім мекемелері тек білім беріп қана қоймай, ондағы мамандарды ғылыми жұмыстарға тарту мақсаты болды. Сол үшін орта білімге қарай бет бұрдым. Оның ішінде балалардың бейінділігі мен бағытына қарай түрлі ғылыми жобалар мен ізденістерге тікелей көңіл бөлу саясаты жүргізілді. 2012 жылы №187 қазақ орта мектебіне конкурс негізінде директор болып тағайындалдым. Соңғы 10 жылда орта мектепте директор қызметін атқарып келемін», - деді Мұсабаева.
Ол атағандай, ЖОО мен орта білім мектебіндегі қызметтің айырмашылығы бар.
«Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан оқушыдан жан-жақты, өз білімін тәжірибеде қолдана алатын, заман талабына сай тұлғаны қалыптастыруымыз қажет. Осы бағытта бірқатар жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір Оқу-ағарту министрлігі мен аймақ басшысының міндеттерін толыққанды атқарып жатырмыз деп ойлаймын», - деді маман.
Ол мұғалімдік жолды мектептегі өзінің ұстаздарына қарап, үлгі алып таңдағанын жеткізді.
«Сынып жетекшімнің әдіс-тәсілі, жауапкершілігі мен ыждахаттылығы тәнті етіп, бала кездегі арманым ұстаз болу, бала тәрбиелеуге алып келді. Ұстаздықты ЖОО-дан бастасам да, түптеп келгенде бала арманыма қол жеткіздім деп ойлаймын. Бұған еш өкінбеймін. Осы салада бар күш-жігерімді, жауапкершілігімді қолданамын деп ойлаймын», - деді Айгүл Мұсабаева.
Ұстаз мұғалімнің жауапкершілігін арттыру бағытында мектепте жүзеге асырылған бастамалар жайлы айтып берді.
«Біздің мектепке келетін әрбір ұстазға үлкен сеніммен қарап, әдістемелік көмек көрсетеміз. Мектепте 7 кіші мектеп жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде «Отбасы мектебі», «Онлайн мектеп», «Педагогикалық дизайн мектебі» сынды мектептер бар. Біз осы мектептер аясында ұстаздардың жауапкершілігін күшейту, тек білім ғана емес, тәрбие бағытында жұмыспен айналысуға көмек көрсетеміз. Себебі ұстаздардың міндетіне тек білім беру ғана емес,оқушыға тәрбие беру де кіреді. Мысалы, «Отбасы мектебі» штабында қамқор ана, қамқор әпке сынды тәрбиелік маңызы зор бағыттар бар. Осы жобалар аясында ата-ананың рөлін күшейту бағытында жұмыстар атқарылады», - деді ол.
Айгүл Мұсабаева атағандай, «Педагог мәртебесі» жайлы заң жобасы қабылданғалы ұстаздар сенбілікке қатыспайды.
«Ұстаздар қазір өз құқығын біледі. Сенбілікке ұстаздар 2 жыл бойы қатыспай келеді. Жергілікті атқарушы органдар беретін әртүрлі тапсырмаларға мұғалімдер мүлдем қатыстырылмайды. Бұл заңның іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді», - деді ол.
Мұғалім атағандай, мектептегі «ғылыми бағдар беру шеберханасы» облыстық білім басқармасының тікелей бұйрығымен ашылған.
«Оның ішінде «Дизайн мектебін» техникалық жабдықтау бағытында білім басқармасы қаржылай көмек беріп, цифрлық ресурстармен қамтып телестудия және зартханалық кабинет ашылды. Осылайша, мектеп қазіргі заманғы технологиялармен қамтылып отыр. Мұғалімдер осы бойынша әдістемелік көмектер алса, оқушылар қосымша білім беру үйірмелері барысында тікелей жұмыс істейді. Тек осы мектеп ұстаздары ғана емес, өзге мектеп мұғалімдері де жұмыс істей алады», - деді Айгүл Мұсабаева.
Ол «AMANAT» партиясы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар жайлы айтып берді.
«AMANAT» партиясының атынан сайланған қалалық мәслихат депутаты ретінде айтатын болсақ, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында білім беру мекемелерінің жабдықталуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету индикаторлары бар. Жол картасында бейнебақылау камералары мен дабыл түймелерін қою сынды бастамалар бар. Біздің мектепте де ол бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Үшауысымды мектептерді азайту бойынша жаңа мектеп ғимараттары да салынды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында да балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керегін, қауіпсіз орта қалыптастыру жайлы айтты. Қалада 4 мектеп жанынан қосымша оқу ғимараты ашылды. Бұл үшін бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөлінді. Партияның сайлауалды бағдарламасында білім беру бағытындағы осындай бастамалар орындалып жатыр», - деді ол.
Айгүл Мұсабаева ұстаздықтың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жайлы айтып берді.
«Кеңестік жүйе кезінде ұстаздың орны мен беделі, абыройы жоғары еді. Себебі Кеңестік кезде жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, жауапкершілік жоғары болды. Осы екеуі ұштасқанда ұстаздың абыройы мен беделі жоғары болады. Соңғы екі жылда бізде арнайы заң жобасы қабылданды. Соңғы екі жылда ұстаздардың айлығы екі есеге көбейді. Бұл ұстаздардың материалдық жағдайын жақсартса, екінші жағынан қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтті. Мемлекет мұғалімдердің материалдық жағдайын көтерсе, мамандар жауапкершілігін де шыңдап отыруы керек. Осы қағиданы мен ұжымда да айтып отырамын. Соған сәйкес ұстаздар қызметін үйлестіріп отыруы керек. Жауапкершіліктің артында үлкен нәтиже жатыр. Оның астарында ата-ананың ұстазға деген сенімі, оқушының ұстазға деген сүйіспеншілігі мен ұжым алдындағы беделі жатыр», - деді мұғалім.
Айгүл Мұсабаева жас мамандарды даярлау саласындағы бастамалар жайлы айтып берді.
«Соңғы 4 жылда мұғалімдікті таңдаған жастарға талап күшейді. Шекті балл көбейтілді. Бұл мұғалімдікті таңдайтын жастарға жауапкершілікті арттырады. Яғни, түлектер 75 балдан артық ұпай жинаса ғана ұстаз бола алады. Бұрын ұстаздықты қыздар таңдаса, қазір бұл мамандықты таңдаған ер азаматтар да көп. Осының барлығы бедел мен жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді. Сондай-ақ университет бітірген жас мамандарға жұмысқа тұруда да талап күшейтілді. Қазір 3 кезеңдік байқаудан өткендер ғана жұмысқа орналасады. Бұл да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Осы жұмыстар біздің мамандыққа деген құрметті арттыра түседі деп ойлаймын», - деді Айгүл Мұсабаева.
Еске салсақ, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы бес жылда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 300 мың жаңа орын ашылады. 2 мен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдардағы орындармен қамтамасыз ету 99% -ды құрайды. Жыл басынан бері 33 127 орындық 334 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бүгінгі таңда балаларды қамту 89,1% құрайды.