Ақмола облысында жол салу кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жауапты кінәлі тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қаражар және Жаңажол ауылдарында кентішілік жолдарды салу кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратурадан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, мердігер ұйым үш жыл бойы асфальт төсеу технологиясын сақтамау, техникалық сүйемелдеусіз жұмыс жүргізу, құрылыс кезінде жарамсыз топырақты пайдалану арқылы көрсетілген шарттар бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамаған.

Сонымен қатар жұмыс жобадан ауытқып жүзеге асырылғаны анықталды. Аталған заңбұзушылық уәкілетті мемлекеттік органның тексеруінен кейін расталды.

Аудан прокуратурасы қабылдаған шаралар бойынша мердігермен жасалған екі шарт бұзылып, мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап арызы сотқа жолданды.

Қазір жөндеу жұмыстары тоқтатылды. Аудан әкімдігі жаңа конкурс жариялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осылайша, осы объектілерді 3 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз қаржыландыруға жол берілмеді.

Құрылыстың іске асырылу барысына тиісті бақылаудың жоқтығы үшін жауапты кінәлі тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.