Бас мүфтидің бұйрығымен «Хидаят» мешітінің имамы жұмыстан шығарылды
Алматы облысында мешітте баланы ұрып жіберген имамға қатысты ҚМДБ өкілдігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келеңсіз оқиғадан кейін Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік қызметкерлері, Шелек ауылының тұрғындары, дін қызметкерлері, мешіт жамағаты және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өтті.
Жиында «Хидаят» мешітінің имамы өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ көпшіліктен кешірім сұрады. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабыл алып, екі тарап өзара бітімге келді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкеріне шара қолданды. Бас мүфтидің бұйрығымен «Хидаят» мешітінің имамы жұмыстан шығарылды. Алдағы уақытта осындай келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін, өзге имамдармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкілдігі.
Айта кетейік, бұған дейін намаз кезінде кішкентай баланы қолымен қағып жіберіп құлатқан имамның басы дауға қалғанын жазған болатынбыз.