Ақтауда мектептегі жағдай туралы әлеуметтік желіде айтқан оқушыға қысым көрсетілген

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол дәретхана қағазы мен сұйық сабынның алғаш рет қойылғанын айтқан 

видеодан скриншот

Ақтауда №3 орта мектебінің 11-сынып оқушысы әлеуметтік желілерде мектеп дәретханасында сұйық сабын мен дәретхана қағазын алғаш рет көргеніне таңғалып, бейнеролик жариялайды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Видео түсірген қыз мұндай оң өзгерістер комиссияның келуіне байланысты деп болжады. Нәтижесінде мектеп басшылығы қызды қорқытпақ болған. Түсініктеме жаздырып, оның ата-анасына айыппұл салынып, жұмыстарында қиындықтар туындайды деп қорқытқан. Оқушы қызға мектеп атынан олимпиадаларға қатысуға тыйым салынған. Бұл жайлы ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев өз парақшасында жазды

Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Ақтау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқушы бейнежазбаны әзіл ретінде түсіргенін мойындаған.

«Бұл жағдай 27 қыркүйек күні Ақтау қаласының №3 мектебінде түсірілген. Бейнежазбада аталған мектептің 11 сынып оқушысының айтып жатқан уәжі еш шындыққа жанаспайды. Тазалықты сақтау және санитарлық нормаларды сақтау мақсатында мектеп дәретханалары мен мектеп асханасында үнемі тазалағыш заттар (сұйық сабын, дәретхана қағазы) қойылады. Бейнежазбаны түсірген оқушы қыз мұны әзіл үшін жасағанын мойындады», - делінген қалалық білім бөлімінің хабарламасында.

Сондай-ақ білім бөлімі өкілдері аталған мектепте тексеруші органдар тарапынан осы кезеңде тексерістер жүргізілмегенін атап өтті. 

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті баланың анасымен байланысқа шықты. Ведомствода оның құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіні туралы хабарланды.

«Ұлттық заңнамада баланың сөз бостандығына, өз пікірін білдіру, өзінің қоғамдық ұстанымын көрсету құқығы бекітілген. Білім беру ұйымдарының барлық басшылары мұны нақты білуі керек және балаларға әлеуметтік белсенділігін дамытуға көмектесуі тиіс. Тәрбие процесінде тыйым салу, қорқыту, бопсалау әдістеріне жол берілмейді», – деп атап өтті Комитетте.

Сондай-ақ ведомство өз ұстанымын көрстетін және оның құқықтарының бұзылғаны туралы хабарлаған әрбір баланы қолдайтынын жеткізді. 

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ