Сенатор қандастарға көмектесуге шақырды

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол қандастардың ұлты қазақ екенін дәлелдей алмай жүргенін айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Сенатор Ғалиаскар Сарыбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында шетелдегі қазақтарды қолдау туралы бірқатар мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенатордың айтуынша, ресми мәліметтерге сәйкес шетелде 4 миллионға жуық, ал бейресми мәліметтерге сәйкес 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Депутат олардың көпшілігінің тарихи отанына оралу ниеті бар екенін айтты. Алайда, мұндай қадам жасауға оларға тұсау болатын бірқатар себеп бар.

«Қандастардың өздерінің ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмауы, менталитеттегі, білім беру саласындағы айырмашылықтар, тілдерді білмеуі олардың мүмкіндіктерін шектеуде», - деді сенатор.

Депутат сонымен қатар, халықтың көші-қон мәселелеріне қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін, бұл Қазақстанға оралғысы келетін қандастарда олардың заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Сенатор осыған байланысты Үкіметтен көші-қон саласында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат беруді сұрады.

«ҚР Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық мекемелерде құрған арнайы комиссиялардың жұмыстарын қайта жандандыру керек. Әртүрлі себептермен шетелде жүрген отандастарымыздың қиын жағдайларға тап болғанда оларға көрсетілетін көмектерді қайта зерделеуді және 1990-2000 жылдары бала кезінде шетелдіктер асырап алған жетім балалардың жағдайлары туралы толық ақпарат беруіңізді сұраймын», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ