2023 жылдың 8 айында «Нысана» байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен
«Самұрық-Қазына» қоры кадр саясаты, әлеуметтік және қайырымдылық жобалары бойынша 8 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығын таныстырды.
Оның сөзінше, орталық жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардағы ереуілдер саны 5,5 есеге азайған. Мұнда 24/7 режимінде 5 байланыс арнасы арқылы әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстардың туындау алғышарттары немесе фактілері туралы деректерді жедел жинау және талдау жүргізіледі.
«2023 жылдың 8 айында «Нысана» байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен. Біздің жүйеміздің басқалардан артықшылығы - дәл осы анонимділігі, байланыс арналарының көптігі, операторлардың 24/7 байланыста болуы және әр өтініштің міндетті түрде қаралуында. Деректерді жинау, талдау және бақылау, тараптармен жұмыс және портфельдік компаниялар мен Қордың омбудсмендері мен медиаторларын тартудың арқасында даулы жағдайлардың шиеленісуіне жол берілмеді», - деді Ауғанов.
Ал қордың QSamruk.kz рекрутингтік платформасы бойынша осы жылдың 8 айында 13 631 бос жұмыс орны жарияланып, оларға 127 435 адам өтініш берген.
Сондай-ақ, Ауғанов Қордың қайырымдылық және әлеуметтік жобалары және "Қазақстан халқына" қорымен ынтымақтастық туралы айтты. Биыл сегіз айда Қамқоршылық кеңестің шешімімен 4 млрд 766 млн теңгеге 33 жоба мақұлданды. Осылайша, қайырымдылық жобалары 454 мың қазақстандықты қамтыды. “Samruk-Kazyna Trust” корпоративтік қоры арқылы биыл қайырымдылыққа бөлінген қаражат - 10 млрд теңге. "Қазақстан халқына" қорымен бірге аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған орталықтар, сондай-ақ ерте араласу орталықтары ашылуда.