Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал ететін заң жобасы мақұлданды

Автор: Аманалина Тоғжан

Заң жобасы қорғаныс-өнеркәсіп кешені қызметінің тиімділігін арттырады

Фото: astana-akshamy.kz

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Заң жобасы жайлы Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан баяндап берді.

«Ең алдымен, Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселелеріне үнемі назар аударатынын атап өткім келеді. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Тағы бір маңызды мәселе – дамыған мемлекеттерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту» деп айтқан болатын. Қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын реттейтін заң 2019 жылғы 18 наурызда қабылданды. Яғни, 4 жыл ғана өтті», - деді Құспан.

Ол атағандай, осы жылдар ішінде заңның қолдану практикасы Мәжілістің түрлі іс-шараларында айтылған бірқатар проблемаларды анықтады.

«Осыған байланысты, бүгін қаралып отырған заң жобасына бір топ депутат бастамашы болды. Заң жобасының негізгі тармақтарына тоқталайын. Біріншіден, Уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту функциясын беру ұсынылады. Ең алдымен бұл құжат жарамдылық мерзімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнология» қазақстандық мамандандырылған ұйымының қызметі үшін қажет. Екіншіден, заң жобасында қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді оңайлату және жеделдету мақсатында біздің күш құрылымдарымыздың Мемлекеттік сатып алу тәртібімен шамалы құнның жиынтықтауыштары мен қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкіндігі көзделеді», - деді ол.

Айгүл Құспан атағандай, ал орташа немесе күрделі жөндеу, қозғалтқыштар мен беріліс қораптар сондай сияқты елеулі тораптар мен агрегаттарды керек ететін жөндеу мәселелерді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қалдыру қажет, себебі аталған сұрақтар мұқият пысықтауды талап етеді.

«Коронавирустың таралу қаупін азайту мақсатында Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режимі бәріміздің әлі де есімізде. Пандемия мемлекеттердің экономикасына да, бизнесіне де кері әсерін тигізді.Осы сияқты форс-мажорлық жағдайларға байланысты мемлекеттік қорғаныс тапсырысының мерзімі бұзылған болатын. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы туралы» заңның қолданыстағы нормалары шарттың орындалу мерзімін өзгертуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз форс-мажорлық жағдай немесе еңсерілмес күш туындаған жағдайда, шарттардың орындалу мерзімдерін өзгерту мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Аталған түзету қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қолдауын тапты», - деді ол.

Сондай-ақ, заң жобасымен «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органы ретінде Қорғаныс министрлігінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының ұшуларына объективті бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін белгілеу бөлігінде түзетулер енгізіліп отыр.

«Жалпы алғанда, осы заңның қабылдануы қорғаныс-өнеркәсіп кешені қызметінің тиімділігін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ықпал етеді», - деді ол.

Депутаттар аталған заң жобасын мақұлдады.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ