«Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан көбі тозған»: Смайылов тапсырма берді

Премьер-Министр медицина саласының қазіргі ахуалы жайлы айтты

«Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан көбі тозған»: Смайылов тапсырма берді
Фото ашық дереккөзден

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында медициналық көмекті дамыту жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

“Кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келеді. Тегін дәрі-дәрмекпен  қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі  едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті.Амбулаториялық-емханалық көмекті  қаржыландыру көлемі өсуде. Сонымен қатар, жаңадан  денсаулық сақтау объектілері  іске қосылып жатыр.

Бұл әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін  аса өзекті”, - деді ол. 

Смайылов атағандай, медициналық ұйымдардың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс.

“Кейде басқару мен үйлестіру жұмыстарының кемшілігіне байланысты адамдар қажетті емді  немесе дәрі-дәрмекті  уақытында ала алмай қалады.

Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігі  әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелер бойынша  жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет”, - деді ол. 

Смайыловтың айтуынша, тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін  медициналық университеттер және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да  өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту мәселесін пысықтау қажет.

“Көріп отырғанымыздай, жұмыстар әлі де жеткіліксіз, ынталандырудың жаңа әдістерін әзірлеу керек. Денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 84%-ті құрайды. Олардың жартысынан көбі тозған. Уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшін өңір әкімдіктері алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтауы қажет. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарын күшейту керек”, - деді Премьер. 

Смайылов атағандай, бұл ретте, алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілеріне ерекше көңіл бөлу қажет.

“Өңір әкімдіктері Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, аудандық деңгейден төмен денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары жылдамдықты Интернетке қосу процесін тездетуі тиіс.

Қажетті консультацияны жедел алу үшін телемедицина мен қашықтан қызмет көрсетуді ауылдарға дейін жеткізу қажет.

Аталған шаралар тұрғылықты жері бойынша медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға мүмкіндік береді”, - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.