Жетісу облысында депутаттар шығарған шешімнің күшін прокурорлар заңсыз деп тапты

Мәслихат депутаттары заңсыз шешім шығарған

Жетісу облысында депутаттар шығарған шешімнің күшін прокурорлар заңсыз деп тапты
Фото ашық дереккөзден

Жетісу облысында мәслихат депутаттары заңсыз шешім шығарған. Текелі қалалық мәслихатының депутаттары жер салығын 20 % - ға арттыру туралы 2 қаулы қабылдаған. Салдарынан Мемлекеттік кірістер департаменті халыққа артығымен ақша төлеткізген. Алайда прокуратура депутаттар шығарған шешімнің күшін жойып, қабылданған құжаттарды заңсыз деп тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жатады («Құқықтық актілер туралы» Заңының 35-1-бабы). Мұндай тіркеу олардың күшіне енуінің қажетті шарты болып табылады. Сонымен қатар жергілікті өкілді органның шешімдері әділет органдарында тіркелмеген, сәйкесінше заңды күші жоқ. Алайда осыған қарамастан салық органы салық төлеушілерден жер салығы үшін жоғары мөлшерлемеде ақы алып отырған», - деп хабарлады Жетісу облысының прокуратурасы.

Мәслихат депутаттарының шешімдері 5 мың жер пайдаланушыға тікелей әсер еткен. Олардың арасында 400-ден астам кәсіпкер бар.

«Прокуратураның бастамасы бойынша Мемлекеттік кірістер органдарымен артық төленген соманы салық төлеушілерге қайтару жөнінде шаралар қабылданып жатыр», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Авторы: Әмірболат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.