«Көш бастап тұр»: Алматы кәсіпорындары биыл 1,3 триллион теңгенің өнімін өндірді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Мегаполисте орналасқан фабрикаларға тапсырыс көбейген

Коллаж: Azattyq Ruhy / Фото авторы: Әсет Құндақбаев

Алматы өнеркәсіп өндірісі бойынша елімізде көш бастап тұр. Биылғы 8 айда қаладағы кәсіпорындар 1,3 триллион теңгегенің өнімін шығарған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 21,7% жоғары. Тек өңдеу өнеркәсібінің үлесі 120,2% құрайды. Ең жоғарғы көрсеткіш Алатау ауданына тиесілі – өнеркәсіп өндірісінің көлемі 466,9 млрд теңгені құрап отыр. Мұның басты себебі, индустриалды аймақтағы ірі халықаралық зауыттардың жұмыс көлемінің артуы. Жеңіл өнеркәсіп саласы да жоғары сұранысқа ие. Қаладағы фабрикаларға тапсырыс көбейген. Тіптен фабриканың басшылары жұмыс күшінің жетіспей жатқанын айтады. Ынтасы бар адамдард тегін оқытып, жұмыспен де қамтамасыз етпек. Azattyq Ruhy тілшісі Алматыдағы бірнеше фабриканың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

«ТЕГІН ОҚЫТЫП, ЖҰМЫСҚА АЛАМЫЗ...»

Қалада «ҚазСПО-N» спорттық костюмдер тігумен айналысатын және «Қазлегпром-Алматы» киім және аяқ киім өндіретін екі үлкен фабрика бар. Нарықта өз орындарын қалыптастырса да, бұл кәсіпорындарда үнемі жанталас болып жатады. Тіптен киім тігумен айналысып, тігін машинасына жабысқан жұмысшылардың сөйлесуге да уақыттары тым аз. Есесіне, жүздеген тігін машинасының тықылдаған дыбысы мен күрделі әрі ауыр аппараттардың үнінен құлақ тұнады.

Тігіншілер берілген тапсырманы уақытында орындап, киімдерді сапалы, әрі жылдам тігіп беруі тиіс. Табыстары да тікелей өнімнің көлеміне байланысты. Тігін машиналары төрт қабатты ғимаратта түгелдей орналасқан. Зауыттың директоры, тапсырыс жыл бойы тоқтаусыз түскендіктен 700 жұмысшының өзі аздық етіп жатқанын айтты.

«Бұл жерде 700 ден астам адам жұмыс істейді. 1, 3 және 4-қабатта киім тігетін машиналар орналасса, 2-қабатта аяқ киім тігетін аппараттар қойлыған. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 200-250 мың теңге. Күш құрылымдарына арналған тапсырыстарды орындап жатырмыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің тапсырыстары бойынша костюмдер тігіліп жатыр. Фабрикада немістің және қытайдың аппараттары қойылған. Өндіріс көлемі өсіп келеді, сәйкесінше, жұмыс күші жетіспейді, маман тапшы. Мәселен, Өзбекстанда жұмысшы 100-200 доллар жалақыға жұмыс істей берсе, бізде кемінде 500 доллар төлеу керек.

Зауытты облыс аумағынан да ашу жоспарымызда бар. Қазіргі сәтте Ұзынағаштағы цехта 150 адам жұмыс істейді. Ауылдық жерде зауыт ашу тиімді. Тұрғындарды жұмыспен қамтимыз және жалақы төлеу жағы да тиімді. Қаланың көлік кептелісінде орталықтағы фабрикаға жету үшін қиналмайды. Тағы да қосымша үлкен фабрика салу жоспарымызда бар», - деді «Қазлегпром-Алматы» ЖШС директоры Олжас Зияханов.

«ЕЛІМІЗДІҢ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІБІ ШЕТЕЛДІК ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІ...»

Фабрика жанында тігіншілерді оқытатын арнайы мектеп те ашылған. Тегін оқытып, жұмысқа да орналастырады. Фабриканың табысы да биыл арта түскен. Биылғы 8 айда өндіріс орны мемлекетке 600 миллион теңгеден астам салық төлеген. Жыл соңына дейін 1 миллиард теңгенің көлемінде салықтық түсім бюджетке төленеді деп болжанған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, күш құрылымдарындағы қызметкерлердің, жұмысшылардың киімдері тек еліміздегі фабрикаларда тендер арқылы тапсырыспен тігіледі. Ал мыңдаған әскериді жылдың төрт мезгілінде қажетті киіммен қамтамасыз ету үшін өндіріс көлемін арттыра түспек.

Зияхановтың айтуынша, жеңіл өнеркәсіп саласы Қазақстанда айтарлықтай дамып кетпеген. Көбі тендерге тікелей байланған. Онсыз өз бетінше қаржы тауып, нарықты қамтамасыз етуге қауқарсыз. Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркиядан тәулік бойы ағылып жатқан киім-кешек, өзге де өнеркәсіп саласындағы өнімдермен бәсекелес бола алмайды. Өйткені, шикізат тікелей импортқа тәуелді.

«Негізінен еліміздегі жеңіл өнеркісіп саласы мемлекеттік тапсырыстарға бейімделген. Шикізатты Қытайдан, Түркиядан және Ресейден алдырамыз. Өзіміздің елде жеңіл киім тігетін шикізат, мата өндірілмейді. Тек аяқ киім тігетін былғарыны Боралдайдағы зауыттан сатып аламыз. Тәулігіне 1,5-2 мың жұп костюм дайындалады. Бізде осы жердің өзінде 6 үлкен цех бар. Дайындалып жатқан киімдері сапалы. Бірнеше сұрыптаудан өтеді, сапасы тексеріледі. Әскерилердің аяқ киімін де шығарамыз. Тәулігіне 1,5 жұп аяқ киім дайындалады. Арасында классикалық үлгідегі костюмдерді де тігеміз. Бірақ көп емес. Бағасы Түркияның тауарларымен шамалас, сапасы да жақсы.

Шикізаттың жоқтығы бағаның айырмашылығына тікелей әсер етеді. Отандық жеңіл өнеркәсіп саласына қолдау қажет. Ресейден де тапсырыс алып, киім тіккен кезіміз болды. Әскерилерге арналған аяқ киімдердің табанын құятын аппарат біздің зауыта ғана бар. Кез келген тапсырысты орындай аламыз. Бізге, жалпы отандық өнеркәсіп саласына қолдау керек. Көбінесе арнайы киімдерді тігеміз», - деді зауыттың директоры Олжас Зияханов.

«ҚазСПО-N» ЖШС бас директоры Елена Свечникова өндірісті нарықтың сұранысына орай жылдам бейімдеуді үйрендік дейді. Басында тендерлермен тіршілік қылған кәсіпорын соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыстарды алудың қиындап кеткенін айтады. Фабрикада 200-ге жуық жұмысшы бар. Нарықта 1996 жылдан бері келе жатқан фабриканың жылдық айналымы бүгінде 1 миллиард теңгеге жеткен. Компания қызметінің негізгі бағыты – мұнай-газ секторына, арнайы бөлімшелер үшін жұмыс киімдерін тігу. Компания табиғи мамықтан сырт киімдерді шығаратын еліміздегі жалғыз фабрика саналады. Сонымен қатар жеке брендпен спорттық формалар (ZIBROO сауда маркасы, www.zibroo.kz) және тоқылған трикотаж (Alerma сауда белгісі, www.alerma.kz) өнімдері шығарылады. Кәсіпорыннның басты ерекшелігі ұлттық құрамадағы спортшыларға арнайы костюмдерді тапсырыспен тігеді.

«ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ 90% МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТАРҒА БЕЙІМДЕЛГЕН...»

«Мен тігін фабрикасын 27 жылдан бері басқарып келемін. Бізде шамамен 500 түрлі киімнің үлкен ассортименті бар. Біздің жаңа бағытымыз – әйелдердің жеңіл, сәнді күртешесі. Шикізатты әртүрлі елден сатып алуға мәжбүрміз. Табиғи мамықтан тігілетін сырт киімдеріміз бүгінде Ресейдің, Қазақстанның ондаған қалаларында сатылады. Соңғы екі жылда Америкаға да, Еуропаның елдеріне де экспорттадық. Біздің өнімдеріміз өз аумағында қызығушылық танытса, біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Бірақ бұл өнім әмбебап, ол экспорттық өнім ретінде есептелген. Біздің өнімдеріміз – бренд. Спортшыларымыза арналған костюмдерде ою-өрнегіміз, ұлттық құндылығымыз бейнеленген. Сондықтан тендерлермен де, бөлшек саудамен де айналысамыз.

Жеңіл өнеркәсіп мүлдем кепілдендірілмеген жұмыс болғандықтан, мемлекеттік сатып алуларға, тендерлерге тәуелді болмас үшін жаңа өнім шығаруды ойластыруымыз керек. Өкінішке қарай, бізде жеңіл өнеркәсіп көбінесе тендерге байланысты. Олар мемлекеттік сатып алуға бағытталған, бірақ жұмыстың тұрақтылығына кепілдік болмай отыр. Яғни, қалыпты кәсіпорында жоғары кәсіби мамандардың сенімді тобын ұстау мүмкін емес. Дегенмен біз жылдың 365 күнінің бір минутына да бос емеспіз, үнемі өнім шығарамыз. Осыны мақтанышпен айта аламыз. Көбінесе бөлшек сауда бағытына арналған өнімдер өндіріледі. Әрине, клиенттер іздейміз, сондықтан тек инженерлік-техникалық құрамымыздың өзі 70 адам», - деді «КазСпо-N» ЖШС бас директоры Елена Свечникова.  

Өндіріс заманауи автоматтандырылған қондырғылармен толық жабдықталған. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 30-40 мың бірлікті құрайды. Шығарылатын өнімдердің номенклатурасы 500 модельге дейін, оның ішінде 200-ден астам моделі әйелдердің күртесі құрайды. Кәсіпорында матаның қаттылығы мен қыл-қыбырының сапасын анықтайтын жеке зертханасы да бар. Тұрақты түрде халықаралық көрмелерге қатысатын кәсіпорынның сәнді, жылы күртелері бар. Бұл өндіріс орынында да «Zibroo-school» кадрларды даярлау бойынша жеке мектеп құрылған. Тігін тігуді үйренгісі келетіндер тегін оқытылады. Өндіріс орнын кеңейту мақсатында жақында Есік қаласынан жаңа филиалын ашпақ.

«Есік қаласының маңынан фабрика салып жатырмыз. Шамамен 100 шақты адам жұмыс істейді. Алматыда кадрлармен жұмыс істеу қиын, өйткені біз нарықта талап етілетін жалақы деңгейін үнемі көтере алмаймыз. Бұл туралы бәріміз білеміз және жеңіл өнеркәсіпте өмір сүру бізге қиынырақ, сондықтан бұл тығырықтан шығудың жолын таптық. Алдағы 3 жылдан кейін, 5, 10 жылда өзімді қандай жағдайда көре алатынымыз бәрінен маңызды. Біз дамудың басқа жолымен жүріп келеміз. Ал мемлекеттік тапсырыстарда орындауда арнайы күштерге арналған күрделі киімдерді тігуді аламыз. Ол арнайы маталарды қажет ететін күрделі жұмыс.

Биыл біз бірнеше рет тендер ала алмадық. Оның әртүрлі объективті себептері бар. Көбіенесе тендер жариялауды сараптауда біліктілігі аз мамандар кездесіп жатады. Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының өмір сүруі оңай емес. Биыл да біз үшін оңай болған жоқ. Тауар айналымы бір миллиард теңгені құрады. Бұл біз үшін жоғары өсім емес. Жұмысшылардың айлығы 150 мың теңгеден басталып, 250 мыңға дейін барады», - деді кәсіпорынның бас директоры Елена Свечникова.

Жалпы елімізде жылына 40 миллион жұп аяқ киім сатылады. Алайда отандық өндірушілердің үлесі 3 пайыздың айналасында болып отыр. Жылына 500 мың жұп аяқ киім тіге алатын кәсіпорын да еркін нарыққа емес, тікелей тендердің тапсырысына бейімделген.  

«Алматыда биыл жеңіл өнеркәсіптің жалпы көрсеткіші 9,9 миллиард теңгені құрады. Барлық 8 ауданда өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші ұлғайды. Өсім Алматы қаласындағы Алатау ауданындағы Алматы индустриалды аймағының дамуымен тығыз байланысты. Соңғы жылдары Алматы қаласында автомобиль кластері жақсы дамуда 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің 70% машина жасау саласымен тығыз байланысты.

Қазір елімізде «Отандық өндіріс» медиа жобасы жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асырудың мақсаты – өнеркәсіп орындарын елге насихаттау, таныстыру. Кәсіпкерлер айтып жатқан шикізат проблемасын қатысты айтыр болсам, әлбетте, ол мәселе елімізде бар. Дегенмен олардың шешімі табылатыны анық. Жақында жаңадан құрылған Өнеркәсіптік және құрылыс министрлігі сол шикізаттың мәселесін шешуді қарап жатыр», - деді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Әбілхайыр Аймұхамбет.