Еңбек адамының ісіне құрметпен қарайық – бақылаушы, тазалық маманы және мұнайшымен сұхбат

Azattyq Rýhy

Қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы біз еңбек адамдарының кәсібіне құрметімізді көрсетеміз

Еңбек адамының ісіне құрметпен қарайық – бақылаушы, тазалық маманы және мұнайшымен сұхбат

Бүгін – Еңбек күні. Қазақстанда 10 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні ретінде аталып өтеді. Осы мерекеге орай Азаттық рухы тілшісі адал маңдай терімен еңбек етіп, нанын тауып жүрген, қызметімен қоғамның тазалығы, тәртібі, экономикасына қосқан үлесі зор азаматтармен тілдесті. 

Өмірін Қаражанбастың қара алтынын игеруге арнаған Қадірбек Айтбаев еңбек жолын осыдан 23 жыл бұрын бастаған. Ол вахтаға ең алғаш келген сәтін еске алды. Құрылыс-жөндеу цехының бетоншысы болып бастаған Қадірбек мырза кейін жұмыс бағытын бу өндіру цехына бұрып, химиялық су тазарту аппаратшысы, отқа қарсы тұрушы болып қызмет етті. Бұл іс асқан жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Себебі Қадірбек мырза жабық, шектеулі кеңістікте еңбек етіп, қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуіне жауапты.

«Осы кен орнында маман ретінде шыңдап, саланың сайыпқыраны атандым. Қызметте білікті маман, ақылшы ағаға айналдым. Енді жауапты қызметті жас буынға сеніммен тапсырамын», - дейді Қадірбек мырза.

23 жыл Қаражанбасмұнайда қызмет еткен Қадірбек мырза қазір зейнетте. БӨЦ ұжымы білікті мұнайшының жылдар бойы атқарған адал еңбегіне алғыс айтып, зейнет демалысына ерекше ықыласпен жуырда ғана шығарып салды.

Көліктік бақылау департаментінің маманы, елордада бақылаушы болып қызмет ететін Самал Қабышева да өзінің кәсібін Қадірбек ағадай қаірлейді. Автобуста таң атпастін тік тұрып жолаушыларды қарсы алатын маман қызметтің қиындықтары мен қызықтары туралы айтты.

«Таңғы сағат 5:30-да тұрамыз, жұмысымыз 7:00-де басталады. 6:30-да үйден шығамыз. Жұмысымыз ерте басталады. Қоғамдық көлікте билеттің құнын төлемеуге оқталатындар бар, шамамен барлық жолаушының 30-40 процент деуге болады. Тексеріс барысында ғана төлей бастайды», - дейді Самал ханым.

Мәселен, былтыр жол ақысын төлемегені үшін 19 мың жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылған. Биыл жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін 6 мың жолаушыға айыппұл салынды.

«Бір күнде бір контролер 70-100 билет құнын төлемей түсіп кеткісі келетін жанды анықтайды. Ең көбі таңғы жетіден түнгі онға дейін 100 адамға дейін хаттама толтырған кезім болды. Алайда, біз карталарын әлі алмаған жағдайда, мектеп оқушыларына, он сегізге толмағандарға, қарияларға түсіністікпен қараймыз. Сұхбатымызды жүргізіп, ауызша ескерту жасаймыз. Ең өзекті мәселе – мектеп оқушылары. Өйткені, 7 жастан 18 жасқа дейін Астана қаласының тұрғындары, яғни, мектеп оқушылары тегін жүреді. Бірақ, транспорт картасын міндетті түрде валидация жасауы тиіс. Бірақ елу пайыз оқушы карта алмайды. Сол үшін бұл өзекті мәселе болып тұр», - дейді Самал ханым.

Алайда, соңғы жарты жылда оң өзгерістер бар көрінеді.

«Жолаушылардың тәртібі аздап болсын түзеліп жатыр. Біріншіден, бұл қаңтар айынан бастап айыппұл өскендіктен, екіншіден, мониторинг жұмыстары өз нәтижесін берді. Бақылаушы ретінде өз тарапымнан айтарым, жол ақысын дер кезінде төлеп жүріңіз. Әр адам өзінен бастауы керек. Бақылаушының жұмысына сыйластықпен қараңыз», - дейді еңбек адамы.

Ал «Астана тазалық» ЖШС қызметкері Айгүл Абдуәлиева жұмысын күліп жүріп атқаратынын айтты.

«Жұмыс уақытым сағат 7:00-де басталады. Мен таңғы 4:00-те тұрамын, әдетте. Мен өзім күліп туғанмын. Жұмысым қиын болса да, күліп жүремін. Оқырмандарға айтарым, жақсылық қана тілеймін. Аман болыңыздар, қаламызды таза ұстайық», - дейді Айгүл ханым.

Көшеде шашылып жатқан қоқысты жинап жүрген қызметкерлерге келіп, көмек, қол ұшын созатындар да бар екені қуантты.

«Қала тазалығына мен 100 процент деген баға бергім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, ондай баға бере алмаймын. Себебі, қоқысты шашып, тастап кететіндер көп. Мысалы, қарбыз жесе, соның қалдықтарын шашып тұрып тастайды. Жинаудың өзі қиын. Алайда, жас балалар, студенттер келіп, көмектесіп те жатады. Оларға көп рахмет, мәз болып қаламыз», - дейді Айгүл ханым.

Көктемнің жайма шуағынан күздің қара суығына дейін көшедегі қоқысты жинаса, қаһарын сүйреп жеткен қыс мезгілінде «Астана тазалық» қызметкерлері қар күрейтіні де бәрімізге аян.

«Қыста біз қар күрейміз. Жұмысымыз көп болады. Қар ауыр ғой, білесіздер. Оңай емес. Менің бүгінгі сұхбатта айтарым, тазалық бірінші өзіңнен басталады. Сосын отбасыңнан басталады. Сондықтан, құрметті қала тұрғындары, Астана тазалық жұмысшыларының ісін бағалаңыздар. Себебі, біздің ұжымда көбінесе әйелдер жұмыс істейді. Жұмасына бір күн ғана демаламыз», деп сөзін аяқтады еңбек адамы. 

Еңбек күнін мерекелеудің негізгі мақсаты – өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау және Президенттің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясы шеңберінде жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту.

«Еңбек адамы» тұжырымдамасын қалыптастырып, қарапайым еңбек құндылығын дәріптеу және еңбек құндылығы идеологиясын қалыптастыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Оған сәйкес, қоғамда адал және жасампаз еңбек идеологиясын, кәсібилік дағдыларды ілгерілету, қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру жұмыстары жүргізілуде.

Өзінің саяси платформасында «АMANAT» партиясы да айқын атап өтті: жасампаз еңбек қоғамның шоғырландырушы күшіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, әр адамның жұмыс істеу мүмкіндігі болуы керек, әр қызметкер жұмысын адал, шаршамай атқарып, одан кейін отбасымен уақыт өткізіп, ертеңгі күнге сенімді болуы керек.

Осылайша, еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмыс орындарының қауіпсіздігін бақылауды күшейту жөніндегі міндеттер «AMANAT» партиясы үшін «Халықпен бірге!» 2023 – 2027 жылдарға арналған сайлау алдындағы бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттың біріне айналды.

Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.